|
29.03.2017 | 10:20
12504

Талғар ауданында тұрып жатқан көпбалалы анаға жәрдем қылуға асыққандар көбейген

Талғар ауданында тұрып жатқан көпбалалы анаға жәрдем қылуға асыққандар көбейген

«Жыртық үйдің Құдайы бар» дегенді ұлтымыз ұдайы айтады. Тобықтай осы оймен келіспеске болмайды. Өткен айда, Талғар ауданында жүдеу-жадау тұрып жатқан көп балалы ананың жағдайын эфирден көрсетіп едік. Арада көп өтпестен, Толқынай Нәметқұловаға жәрдем қылуға асыққандар көбейіпті. Тіпті, эстрада майталмандары үй саларға жер алып бермек екен.

Жас әнші Әбдіжаппар Әлқожа бір айға жететін бұл азық-түлікті өзінің үйіне емес, жақын күндері далада қалғалы отырған Нәметқұловтар отбасына жеткізді. Сегіз баланың анасы Толқынай Нәметқұлова мұндай мәрттікті әншілерден күтпесе керек. Талғажауға татыр дәм таппай жүрген отбасы қайырымды жандардың бұл жомарттығына шын қуанды. Олар сыйлаған жылулық мына кадрлерден анық сезіледі.                      

«Үйдегі азық-түлік бітейін деп тұр еді. Шыны керек аз қалған. Рахмет келіп, осылай қолдау көрсетіп жатқандарыңызға. Жасыратыны жоқ, қызымның жолына ақша таппай отырмыз», - деді көп балалы ана Толқынай НӘМЕТҚҰЛОВА.

Тарам тағдырдың тауқыметін тартқан Толқынай Нәметқұлова осыдан тоғыз жыл бұрын Жамбыл облысынан көшіп келген.  Бүгінде жеті баласы мектепте оқиды. Кенже қызымен бірге үйдің тіршілігін жасаудан басқа қолынан шара келмеуде. Сорақысы сол - қара сылақпен тұрған мына баспананы үш айдан кейін үй иелеріне қайтару керек. Себебі, жомарт жандар әзірге тегін тұруға берген.

«Жасаған көмегіңді біреуге айтпа, жариялама деп жатады. Шыны керек, сегіз баланың анасының қиналып отырған күнін көріп құр қол отыра алмадым. Қазақта неше түрлі мықты азаматтар көп, тек солар білсе деймін. 1 миллион қазақ бір теңгеден шығарып 1 миллион теңге алып келіп беретінде шамамыз бар», - деді әнші Әбдіжаппар ӘЛҚОЖА.

Қуаныштан көңілдері бір көтеріліп қалған Нәметқұловтар отбасына әнші Әбдіжаппар Әлқожа алдағы уақытта әріптестеріммен бірлесіп Алматы облысынан сегіз сотық жер алып берсек деп отыр.

«Алдағы уақытта осы Алматы облысынан 1 миллион теңге болама, әлде екі миллион теңге болама сегіз баланың анасына соны алып берсек деп отырмын. Негізгі қаражатын өзім беремін. Бұл біздің азаматтық көзқарасымыз», - деді әнші Әбдіжаппар ӘЛҚОЖА.

«Қызым жекеменшік оқуда оқиды. Бес ай болды оқуын төлей алмай отырмын. Сегіз балаға тамақ таппай отырғанда қызымды да оқудан шығаратын болып жатыр. Қазіргі көріп отырған күнім осы, енді несін жасырайын», - деді көп балалы ана Толқынай НӘМЕТҚҰЛОВА.

Алматы облысы Бірлік ауылындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде уақытша тұрып жатқан Толқынай Нәметқұлованың көріп отырған күні қиын. Күнделікті тұтынатын азық-түліктен бөлек, төрт айдан бері студент қызының оқу ақысын төлей алмай келеді. Алтын алқа иегерінің басты арманы - енді әкімдік тарапынан бір қолдау болса екен деген ниет қана.  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир