Орал тұрғыны қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге қолдау білдіру мақсатында спортшының портреті бейнеленген шаш үлгісін жасатты, деп хабарлайды ТДК 42.
Думан Ілиясов бұл жұмысқа бүтіндей төрт сағат уақытын жұмсапты. Ол Құрманғазы атындағы музыкалық колледжде оқиды. Геннадий Головкиннің портреті бейнеленген шаш үлгісін өзінің досы Азаматқа жасап беріпті. Ал Азамат бала кезінен бокспен айналысады әрі әйгілі боксшының жанкүйері екен. Шаш қиюшы қолына қайшысын, машинкасы мен ұстарасын алып, жұмыс істеп жатқанда төрт сағат бойы күтіп отыру қиынға соқты дейді жас жігіт.
«Мен өзім де суретшімін, сурет салғанды ұнатамын. Интернеттегі роликтерге қарап, осындай шаш үлгілерін жасауды үйреніп алдым. Бұл менің осындай алғашқы жұмысым. Сондықтан бәрі дәл ойдағыдай бола қоймауы да мүмкін. Дегенмен, әлі де тырысып, шеберлігімді дамыта беремін», – дейді Думан Ілиясов.
Ең қиыны – көзі мен ернін салу болған екен. Спортшының көңіл күйін дәл жеткізетін де осы бет мүшелері. Геннадий Головкин рингте өте жігерлі әрі мықты адам, сондықтан шаш үлгісінде тек спортшының портреттік ұқсастықтарын ғана емес, көркем образын да көрсете білуге ұмтылдым дейді шебер жігіт.
Еске сала кетсек, қыркүйек айының ортасында Геннадий Головкин өзінің чемпиондық белбеулерін қорғап қалу үшін мексикалық Канеломен жекпе-жек өткізеді.