Шығыс Қазақстан облысы қызыл судың зардабын тартуда. Өңірде өткен тәулікте бір айлық жауын-шашынның мөлшері түскен. Оған қоса, ауа температурасы +10 градусқа дейін көтерілген. Соның салдарынан еріген қар суы жүздеген үй мен аула учаскелерін басып қалды. Табиғи апаттан, әсіресе, Аягөз ауданы қатты зардап шегіп жатыр. Сондай-ақ Глубокое, Ұлан, Күршім, Зайсан, Үржар және Өскемен қаласына залал келді.
Табиғи апаттың кесірі Аягөз ауданына қатты тиді. Ауданда жергілікті шағын өзендер арнасынан асқан. Соның салдарынан 40 үй қызыл судың астында қалды. Жергілікті аймақта төтенше жағдай жарияланған. Тасқын туралы хабарды тұрғындары өздері таратып жатыр, тіпті, әуесқой видеоларды әлеуметтік желі арқылы кең таратты.
Баспаналарын су басқан отбасылар уақытша паналайтын жерге жеткізіліп, ыстық тамақпен, жылы киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Шығыс Қазақстан облысы бойынша, жалпы 400 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Ол үшін аймақтық төтенше жағдай қызметінің жеке құрамынан мыңнан астам адам, 286 техника, 56 қайық және 58 су соратын құрылғы пайдаланылған. Көмекке өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі де жұмылдырылған. Табиғи апаттың зардабын Глубокое, Ұлан, Күршім, Зайсан, Үржар аудандары және Өскемен қаласы да тартты. Өскеменде 20 үйді су басқан. Коммуналдық қызмет мамандарының сөзінше, арнайы су өткізетін арықтар толассыз жауған жауын суын өткізіп үлгермей, арнасынан асып кеткен. Көшелерге жайылған су көлге айналды. Тіпті орталық көшелер де суға толған.
Облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда мезгіл сайын шектеу қойылып жатыр. Ал таулы аймақтарда қар көшкіні қаупі әлі де сақталуда. Қолайсыз ауа райына байланысты облыс орталығы мен Риддер қаласында мектеп оқушылары мен колледждердің бірінші және екінші курс студенттері үшін сабақ тоқтатылды. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы бойынша 70 үй, 150 аула және 110 бау-бақша үйі аумағы су астында қалған. Облыстағы төтенше жағдайлар қызметі мен барлық коммуналдық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
«Төтенше жағдайлар комитетінде және ШҚО төтенше жағдай департаментінде арнайы тәулік бойы жұмыс істеп жатқан жедел штабтар жұмысы құрылды. Ол жұмыс ұйымдастырылды толығымен, тәулік бойы жұмыс істеуде», - деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан ИМАНҚҰЛОВ.
Облыстағы Төтенше жағдай департаментінің дағдарыс орталығында жедел штаб қызмет көрсетуде. Соңғы тәулікте 112 желісіне шамамен 3 мың қоңырау келіп түскен. Екі тәулікте 15 мың текше метр су сорғызылыпты. Қазір өңірде күн күрт суытқан. Синоптиктердің болжауынша, 13-15 наурыз аралығында облыстың оңтүстік аудандарында күндізгі ауа райы қайтадан жылынып, жаңбыр жаууы ықтимал. Бұл өз кезегінде қарды қайта ерітіп, тасқынға әкелуі мүмкін. Көктемгі тасқын деректері еліміздің өзге де өңірлерінде тіркеліп жатыр. Соның ішінде Қызылорда облысындағы Аранды ауылындағы мектептің бірінің ауласын су басып қалған. Апатқа байланысты онда сабақ тоқтатылған. Сондай-ақ Қарағанды облысында құтқарушылар халыққа қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертуде. Қарқаралы ауданындағы бірнеше елді мекенде су басу қаупі төніп тұр, дейді төтенше жағдай қызметкерлері. Атқарушы билік апатты алдын алу үшін барлық шара атқарып жатқаныдығын мәлімдеуде.
Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы