«Ансамбль» емес, дұрысы – «әнсәмбіл», «разъезд» – «рәзиезд». Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің емле ережесінде кірме сөздер енді осылай жазылуы мүмкін. Бұл халықаралық терминдерді өз тілімізге ыңғайлау үшін жасалып жатқан қадам дейді лингвистер.
Тіл мамандары термин сөздердің жазылу ережесінің жобасын қазірдің өзінде дайындап қойған. Жаңа әліпбидің емле ережесі туралы ұсыныс қазір еліміздегі оқу орындарында таныстырылып, талқыланып жатыр. Бірақ мамандардың айтуынша, ережені пайдаланатын ұстаздар қауымы өз ұсыныстарын енгізе алады. Емле ережелері қоғамда жан-жақты талқыланған соң ғана қабылданбақ.
«Мүмкін болған терминдер қазақыландырылды. Мысалға, бір-ақ сөзді айтайын, ансамбль деген сөзді жіңішкертіп, әнсәмбіл деп айтуға, жазуға келісіп, соңындағы жіңішкелікті білдіретін кирилдық таңба түсіп қалды. Жалпы, кириллдың осы таңбасы орыс тілі үшін жасалған нәрсе ғой. Басқа еш жерде қолданылмайды, пайдаланылмайды», – деді филология ғылымдарының докторы Әлімхан ЖҮНІСБЕКОВ.