Алматылықтар Тәуелсіздіктің 26 жылдығын атап өтуде

15.12.2017 22:53

Биыл етек-жеңімізді жиып, егеменді ел болғанымызға 26 жыл толып отыр. Осыған орай алматылықтар тәуелсіздік күнін кеңінен атап өтуде. Аудандарда патриоттық кештер ұйымдастырылып, халық бостандыққа жету жолындағы ызғарлы жылдарды еске алды. 

Қаланың түпкір-түпкірінде халық Тәуелсіздікке түгелдей тәу етті бүгін. Аудандар айтулы күнге ерекше дайындалып, түрлі мәдени іс-шараларды қолға алыпты. Түрксіб ауданы оқушылардың қолынан шыққан туындыларды көрмеге қойып, салтанатты концерт ұйымдастырған. Мәдени шараға қаһарлы желтоқсанның қаһармандары шақырылып, олар сол жылдарды еріксіз еске алды.

«Бейбіт шеру деп шықтық. Ешқандай да жаманшылық ойлаған жоқпыз. Жалаң қолмен, демократияға сеніп, қазақ жастары өздерінің талаптарын билікке бейбіт жолмен қоямыз деп сөйтіп шықты. Бірақ та сондай тойтарысқа тап боламыз деп ешкім ойламаған еді», - деді желтоқсан оқиғасына қатысушы Шара ЕРГЕБАЕВА.

Дәл осындай шара қаланың Медеу ауданында да жалғасын тапты. Аудан басшысы шараға жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, қастерлі де қасиетті мерекенің маңызын атап өтті. Әрі, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан үлес қосқан азаматтарды ел алдында марапаттады. Қатарында Алматы зообағының директоры Ержан Еркінбеков те бар. Хайуанаттар саябағын басқарғанына бір жыл толмаған басшы, аз уақыт ішінде жануарлардың жағдайын жақсартуға барын салыпты.

«Қаражат бөлінген, зоопарктің дамуына 300 млндай теңге. Демек, келесі жылы үлкен жұмысты бастаймыз. Одан бөлек, 650 млн теңгедей қаражат Германияның архитекторы Питер Разбах әзірлеген жоспар бойынша біздің зообағымызды жаңадан реконструкция жасау бойынша ең бірінші салынатын екі экспозицияға 650 млн теңге бөлінеді келесі жылы. Демек, біздің зоопаркіміз келешекте дүниежүзінің ең ірі, ең дамыған зоопарктердің қатарына тұрады», - деді Алматы қаласы зообағының директоры Ержан ЕРКІНБЕКОВ.

Желтоқсан оқиғасына бүгінде 31 жыл толып отыр. Тәуелсіздік пен 86-ның ызғарлы желтоқсанын бөліп қарау қиын. Қақаған қыста кеңестің қарулы күшінен қорықпай қарсылық танытқан сол кездегі қазақ жастары бүгінде алпысты алқымдады. Бостандық ауданында Тәуелсіздік үшін күрескен 41 желтоқсаншы тұрады. Соның бірі - Шолпан Антаева. Оның жасы сол уақытта 33-те болыпты.

«Әрине желтоқсан құрбаны, желтоқсанның болғаны 86-шы жылғы өте қиын жағдай. Оны айта кетпеске болмайды, оны жүректе әрқашан да сақтап, көзімізге елестетіп ойлап отырамыз. Енді қазіргі мына балаларымыз өсті, қызмет істеп жатыр, жастарымыз қазір үлейіп жатыр, кеңейіп жатыр», - деді желтоқсан оқиғасына қатысушы Шолпан АНТАЕВА.

Қаламыздың Наурызбай ауданында да 30-ға жуық желтоқсаншы тұрады. Аудан басшылығы патриоттық кеш ұйымдастырып, қиын-қыстау кезеңде Тәуелсіздік туын тіккен боздақтардың есімін ұлықтады.

Назкен Байтілес, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы