Астанада балабақшалар саны артуда

12.07.2017 15:18

Астанада мемлекеттік - жекеменшік серіктестік аясында бой көтерген балабақша саны артып келеді. Оған Елорда аумағының кеңейіп, туу көрсеткішінің өсуі басты себеп. Жергілікті әкімшілік есебіне ойыссақ, кезекте тұрған бүлдіршін саны 33 мыңға жетуге жақын қалған. Елеулі қарқынмен өсіп келе жатқан кезекті жеңілдету мақсатымен ағымдағы жылы 2 мемлекеттік, 3 жеке меншік балабақша салу көзделіпті. Толығырақ Астаналық тілішіміз жалғастырсын.

Полина Хорольская 3 баланың анасы. Екі үлкені мектеп оқушылары. Ал, сүт кенжесі жақында ғана бөбекжай табалдырығын аттапты. Мемлекеттік мекемеге екі жыл бойы кезекте тұрып, нәтиже шықпағаннан кейін, баласын жекеменшік балабақшаға беруге шешім қабылдайды. Себебі, ұзын сонар кезекте тұрудың қажеті шамалы. Екіншіден қалтаға тиімді және барлық жағдай жасалған  - дейді Полина.

«Біз екі жылдан бері кезекте тұрдық. Тіпті туыла салысымен тізімге енгізгем. Бірақ, жақын арада жақындамайтын болғандықтан мен баламды жекеменшік балабақшаға бердім. Бізге ұсынған мекемелердің ішіндегі ең жақсысы осы»,- деді Қала тұрғыны, Полина ХОРОЛЬСКАЯ.

Бүгінгі таңда Астанада салынған балабақшалар 50 мыңға жуық баланы қамтып отыр. Оның басым бөлігі мемлекеттік бөбекжайда тәлім алады. Қалған 15 мың бүлдіршін жекеменшік балабақшаларға барады екен. Осы орайда, әкімшілік қызметкерлері мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелерге қарағанда жекеменшік нысандар саны артып келеді дейді. Ал мұндай жүйе Алматы қаласында бұрын қолға алынған шаруа.

«Негізі мемлекеттік балабақшада ата-1ананың төлем ақысы 16800 тенгені құрайды, ол 100% баланың тамақтануына төленеді. Ал жекеменшік балабақшаның төлем ақысы 20800 тенге»,- деді Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жөніндегі бөлім басшысы, Анар СМАКОВА.

Шенділер тізімде тұрған бала саны көп екенін жасырмады. Яғни, Елордаға қоныс аударатындар саны жыл сайын артып, туу деңгейі де өсіп келеді. Бүгінде әлі 33 мың бала кезекте тұр.  

«Мемлекет мектепке дейінгі мекемелердің санын арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Оның ішінде жекеменшік балабақшалар. Бүгінгі таңда кез-келген ата-ана жеке мекеме ұсынып отырған қызмет бағасын қалтасы көтереді. Біздің бөбекжай мемлекеттік талап бойынша, 20800 теңге алады. Одан бөлек қосымша үйірмелер бар. Ол бөлек төленеді»,- деді Балабақша меңгерушісі, Зухра ИСМАИЛОВА.

Ағымдағы жылы кезекте тұрғандардың санын азайту мақсатымен 480 орынды қамтитын 2 мемлекеттік, 720 балаға арналған  мемлекеттік- жекеменшік серіктестік аясында 3 бөбекжай салу көзделген. Жақында ғана әкімшілік тарапы тағы 1680 бүлдіршінге арнайы 6 балабақша салуға кәсіпкерлермен келісім - шарт жасапты. Құрылыс 2019 жылы аяқталадаы деп күтілуде. Ал, биылдың өзінде  тізімде тұрған 5 мың бүлдіршін жекеменшік балабақшаға жолдама алмақ. Алдағы уақытта орын көлемі 5000 мыңнан 10 000 дейін артатын болады.

Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телернасы Астанадан


Теги: детсады