Алматының мекемелері «Самұрық Қазынамен» ұзақ мерзімді келісімге қол қойды

27.12.2016 14:24

«Мемлекеттік тапсырыс - 2017» акциясы аясында Алматының мекемелері «Самұрық Қазынамен» 5 миллиард теңгеге ұзақ мерзімді келісімге қол қойды. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетуге әрқашан басымдық беріліп келе жатқанын ерекше атап көрсетті. Ол үшін қалада қаржылық және қаржылық емес механизмдер жұмыс істейді. Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 70 миллиард теңгеге 276 жоба қаржыландырылған. Мыңдаған жұмыс орындары құрылып, 100 жоба қолдау тапқан. Ұлттық қормен бірлесе жүзеге асқан «Жібек жолы» бағдарламасы аясында туристік, инновациялық және тамақ шаруашылығына қаржылай көмек көрсетілген - деді шаһар басшысы. 


«Алматы «Парасатты қала» концепциясына көшті. Ол үшін бүгінде барлық жағдай жасалған. Әрбір үшінші студент осында білім алады. 38 жоғары оқу орны осы шаһарда орналасқан. Қаламызда 10 ғылыми-зерттеу лабораториясы, 8 даму институты, 10 ғылыми орталық және 3 технопарк бар. Кей деректер бойынша, Қазақстан кәсіпкерлігінде жүрген белсенді адамдардың 86 пайызы Алматыда мекен етуді қалайды екен»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

 

«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында өткен шара барысында қала әкімі Бауыржан Байбек және «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма басшысы Өмірзақ Шөкеев бірқатар инновациялық жобалармен танысып, жаңа оқу-жаттығу орталығын көріп шықты. Орталық бұрғылаушыларды оқытып, дайындауға мүмкіндік беретін заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бұрындары оларға тәжірибесін шыңдау үшін АҚШ-қа, Италия немес Норвегияға баруға тура келетін. Қонақтар сондай-ақ, отандық кеме саласының мамандарын оқытып шығаруға мүмкіндік беретін «Қазақстандық теңіз академиясы» орталығымен де танысып шықты.  


«Жүзге жуық өте қызықты жобаларды көріп шықтым. Оларды тәжірибе жүзінде қалай  іске асыру керектігі де көрініп-ақ тұр. Менің ойымша «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы мен осы орталық енді-енді өз жемісін беріп жатыр. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, жалынды, ойы терең жастардың идеясы біздің елге сәттілік алып келеді»,- деді «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы, Өмірзақ ШӨКЕЕВ.