Елімізде алдағы 2 жылда отандық медицина құлаштап дамиды

15.03.2017 15:16

Өзге ақпарат. Алдағы 2 жылда отандық медицина құлаштап дамиды. Дәрігерлердің қызмет көрсетуі - шетелдік медиктерден кем түспейді. Салаға жауапты министр үкімет отырысында осыны айтты. Сондай-ақ, биыл 1-шілдеден бастап бала туғанда төленетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20 пайызға артады. Сондай-ақ, зейнетақы да өседі. Қос саладағы өзге  өзгерістер елордалық тілші материалында.

2019-шы жылға қарай жалпы тәжәрибе дәрігерлерінің деңгейі дамыған елдердегі дәрігерлермен теңеседі. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, қазір бір дәрігерге бекітілген адамдар саны орта есеппен 2 мыңға жуықтайды. Бұл экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда шамамен екі есеге көп. 

«Біз алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету моделін қайта қарадық. Осы ретте, 6 жасқа дейінгі балаларды қарайтын педиатрлар жүктемесін бір дәргерге 500 баладан келетін қылып жаңа жүйе орнатуды ұсынып отырмыз. Бұл - дәрігерлердің жүктемесін азайтады. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту арқылы, дәрігерлер жұмысы деңгейін экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдермен тең болуға көмектеседі»,- деді ҚР Денсаулық сақтау министрі, Елжан БІРТАНОВ.

Үкімет отырысында премьер министр Бақытжан Сағынтаев емханаларды салуда санитарлық нормаларды сақтауды тапсырды. Үлкен сарайдай қылып соқпай, барлығына қолжетімді, қаржыны үнемдейтін орталықтар салу керектігін баса айтты. Десек те, елімізде емханалар саны әлі де жеткіліксіз, ал оның құрылысына қажетті қаржы жоқ. 

«Санитарлық нормаларды қайта қарау керек. Бұрын емханалардың дені тұрғын үйлердің бірінші қабатында болатын. Соңғы уақыттарда бұл іске барлығымыз кірісіп кеткеніміз соншалық, кем дегенде 500 адамға шақталған үлкен ғимарат салатын болдық. Бұл санитарлық нормалардың сақталмағанын көрсетеді»,- деді ҚР Премьер-министрі, Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Бұдан бөлек, үкімет басшысы ауруханалардың компьютерлермен жарақталуын да сынға алды. Қазіргі таңда, медициналық ұйымдардың 25 пайызы ғана компьютермен жарақталған екен. Бұл мәселені ертерек қолға алмасақ,«Ақпараттық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда қиындықтарға тап болатынымызды айтты. Ал жұмыс беруші міндетті зейнетақы төлемін 2018-ші жылдан емес, 2020-шы жылдан бастап төлейді. Басқосуда сөз сөйлеген Тамара Дүйсенова осылай деп мәлімдеді. Бұған экономикалық жағдаймен ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынысы түрткі болыпты. Зейнетақыны қамсыздандыру жөніндегі заңнамаға енетін өзгерістер жайлы айтқан министр, жаңа туған нәрестеге төленетін бір реттік жәрдемақы көлемінің де өсетінін жеткізді.

«Заң жобасында бала туғанда төленетін бір реттік жәрдемақы көлемін 20 пайызға арттыру көзделген. Бірінші, екінші және үшінші балаға берілетін жәрдемақы 31-ден 38 айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Ал төртінші балаға 52 мен 63 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленеді. Бұл арқылы еліміздегі 400 мыңнан аса бала немесе 300 мыңнан жоғары отбасы 2018 жылдың1 шілдесінен бастап көбейген жәрдемақыны алатын болады",- деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Тамара ДҮЙСЕНОВА.  

2017-ші жылдың 1-ші шілдесінен бастап 2 миллионға жуық зейнеткердің зейнетақысы көтеріледі. Есте болса, жыл басында зейнетақы көлемі 9 пайызға артқан еді. Енді тағы 11 пайызға көбеймек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, осы арқылы Елбасының тапсырмасы жүзеге асырылады. Яғни, 2016 жылмен салыстырғанда, зейнетақы көлемі биыл 20 пайызға артпақ.

Азамат Әуезхан, Бауыржан Қажақанов, "Алматы" телеарнасы Астанадан



Теги: минздрав