Назарбаев Сыртқы істер министрлігінің басшылық құрамымен кездесті

04.01.2017 14:48

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер министрлігінің басшылық құрамымен кездесті. Қазақстан Президенті дағдарыс құбылыстары мен өзгерген жаһандық ахуал жағдайында Сыртқы істер министрлігі алдында көптеген жаңа міндеттер тұрғанын атап өтті. Алдымыздағы жылы еліміз үшін айтулы оқиғалар, ол 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада мен «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жөнінде әңгімеледі. Одан бөлек, ел Президенті таяу арада Астанада Сирия түйткілдері жөнінде келіссөз жүргізуге мұқият дайындалу қажеттігіне тоқталды. Ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одақ аясында мейлінше тиімді жұмысты жолға қою қажеттігін маңызды міндет ретінде атап өтті.

«Қазақстан 1 қаңтардан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік кеңесіндегі жұмысына кіріседі. Осы құрылымға тұрақты емес мүше болып сайлану - әлемдік қоғамдастықтың біздің елімізге деген құрметінің айғағы. Бұл - ядролық қарусыз әлем қалыптастыру жолындағы қозғалыс саласындағы және күн тәртібіндегі өзге де халықаралық мәселелер бойынша Қазақстанның жаһандық көшбасшылығын талап ететін жауапты міндет», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Жиын барысында Елбасы жаңа Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановты таныстырды. Бұрынғы қызметінен босаған Ерлан Ыдырысов енді Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшісі болып тағайындалды. Елбасы оған ведомство басшысы қызметінде атқарған жұмысы үшін алғысын білдірді.

«Біздің осы Сыртқы істер министрлігінің ұжымы атынан сіздің көрсетіп отырған сеніміңізге ризашылық білдіре отырып, алға қойылған мақсаттарды жүзеге асырамыз деп уәде береміз. Біз БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде өзіңіз алға қойған бірнеше бастамалар, олар БҰҰ реформалары, терроризмге қарсы, лаңкестікке қарсы, тағы да басқа өте күрделі мәселелерді көтердіңіз. Оның бәрін біз осы СІМ орталық аппаратымен шетелдегі мекемелермен біріге жүзеге асырамыз», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ.

Нұрсұлтан Назарбаев елшіліктер Қазақстан мен өзге мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық уағдаластықтарға тиісті бақылау жасау саласында жұмыс жүргізуі қажеттігін арнайы атап өтіп, елімізді шет елдерге танытатын министрлік қызметкерлеріне жоғары жауапкершілік жүктелетініне, сондықтан кадр мәселелеріне баса ден қою керектігіне назар аударды. Жиын соңында Мемлекет басшысы сыртқы саясат ведомствосы жұмысының жақсы деңгейде екенін атап өтті.