Қазақстан мен Әзірбайжан Президенттері саяси ахуалды талқылады

04.04.2017 в 14:18

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Мемлекет басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық серіктестіктің ахуалы мен жетістіктерін талқылады. Сондай-ақ күн тәртібіндегі халықаралық және аймақтағы өзекті  мәселелерге тоқталды. Кездесу барысында Елбасы екі ел арасындағы дәстүрлі, тарихтан тамыры қаланған ынтымақтастықты атап өтіп, алдағы уақытта да елдер арасындағы экономикалық байланыстарды дамыта түсуге аса мән берді. Серіктестікті барлық салаларда нығайтуға, әсіресе транспорттық тасымалдау әлеуетін арттыруға шақырды. Осыдан бір апта бұрын, 28 наурызда жаңадан құрылған «Құрық» кемежайынан көрші елге алғашқы жүк тасымалданған болатын. Бакулық айлаққа жүк паромы 18 сағаттың ішінде жеткен еді. Ал бұрын Ақтаудан Әзірбайжанға 22 сағатта жеткізілетін. Соңғы екі жылда каспиийаралық тасымалдау көлемі артқан. Сондай-ақ биыл Баку-Тблиси-Карс темір жолдарының құрылысы жүргізіледі.

«Әлемдегі дағдарыстық құбылыстар ұлттық экономикамызға айтарлықтай залалын тигізіп жатқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар, бұл бірлескен жаңа өндірістер ашып, мүмкіндіктерімізді пайдалануға жол ашуда. Экономиканы әртараптандырып, инновациялық технологияларға назар аудару қажет, - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Әлиевті 2016 жылы Әзірбайжандағы президент өкілеттілігінің мерзімін ұзарту үшін өткізілген  референдумның сәтті қабылданғанымен құттықтады. Өз кезегінде Ильхам Әлиев Қазақстан президентінің сапары келешектегі серіктестік үшін маңызды екенін айтты.

«Бүгін қол қойылғалы отырған құжаттар, шешімдер екіжақты қарым-қатынасты әрі қарай нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. Қазақстан біз үшін достас, бауырлас ел болып саналады. Біз бүгінгі кездесуге зор мән беріп отырмыз», - деді Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам ӘЛИЕВ.