Алматылық өнертапқыштар бет-әлпетті анықтап, құжаттардың түпнұсқалығын дәлелдейтін жоба ойлап тапты. Олар Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілген байқауларда да жүлделі орын алып келген. Адамдардың бет-әлпетін анықтап, оның жынысы мен жасын талдау, мекеме қызметкерлерінің жүктелген міндеттерін қаншалықты дұрыс жасап жатқандығын анықтау – жобаның негізгі артықшылығы. Тұтынушы туралы ақпарат та қосымшада тайға таңба басқандай көрініп тұрады.
«Біздің технологияларымыз бейнебақылау камераларына қосымша талдау, сұрыптау фуникцияларын қосады. Оны мемлекеттік орындарға, жолдағы оқиғаларды анықтауға, бизнес құрылымдарында, қорғауға алынған аймақтарда пайдалану өте тиімді болар еді. Жобамызды бірнеше мекемелерде орнаттық. Қазір төлқұжаттарды, маңызды құжаттардың деректерін ұялы телефон арқылы жіберу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деді жобаны құрастырушылардың бірі Уахат БАСТИМИЕВ.
Өнертапқыштар көліктің нөмірін анықтайтын жүйені қолға алған. Жеке компаниялардың бірі оған қызығушылық та танытыпты. Бұдан бөлек, құжатты анықтаумен де айналысуда. Суретке түсіре қалсаңыз болғаны, бірнеше тілге аударылып, сізді көшірме орталығына барудан босатады.