Алматыдағы индустриалды аймақта үш бірдей кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Олар берілген телімді дер кезінде игермей, құрылыс жұмыстарын сағызша созып келіпті. Сондықтан қала билігі салғырт кәсіпкерлерді әлгі аумақтан аластатты. Енді олардың орнында өзге кәсіпорын жұмысын бастайды. Қазір бизнес иелері иек артқан аумақта қандай жобалар жүзеге асып жатыр? Болашақта нендей өзгерістер болады?
Индустриалды аймақта осы жылдың соңына дейін электр сымын өндіретін, принтерге арналған картридж және құрылыс қағаздарын шығаратын компания өз жұмысын бастайды. Бұл туралы индустриалды аймақтың басшысы Әділ Бұрлыбаев мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл аумақта жұмыс істеуге 40 компания ниет білдірген. Осы күні 13-і құрылыс жұмыстарын бастап кетіпті. Ал берілген жерге зауыт немесе өндіріс нысанын салмаған компания аталмыш аймақта жұмыс істеу құқығынан айырылады.
«Осы 21 компанияның қолдарынан жетектеп, құжаттарын тездетіп рәсімдеуге көмектесу керек. Неғұрлым құжаттары тез дайын болса, сәйкесінше, құрылысын да кешікпей бастайды. Ол қосымша жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді. Сонымен біз адамдарды жұмыспен қаймтимыз», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан ӘУКЕНОВ.
Қазір индустриалды аймақта құрылыс жұмыстарын бастамаған 3 компанияның мәселесі қарастырылып жатыр. Осының алдында құзырлылар берілген жерді қолданбаған 14 компанияны жұмыс істеу құқығынан айырған. Бүгінде индустриалды аймақта 75 гектар жер бос. 2019 жылдың соңына дейін мұнайға арналған құбыр дайындайтын фабрика іске қосылады. Ал келесі жылы аталмыш аумақта екінші жылыжайдың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Инвесторларға 12 гектар жер бөлінген, қалалық әкімшілік құжатты рәсімдеуге көмектесіп жатыр.
«Біздің басқармамен бірлесіп жұмыс тобы құрылған. Әрбір жобаны біз өзіміз әр менеджерге жетектеп, әрқайсысына қол тиімді көмек көрсетіп жатырмыз. Біздің негізгі басқарманың тарапынан ұзақ мерзімге созбай, қысқа мерзімде осы индустриалды аймақтың кәсіпкерлеріне қол жетімді, тез уақытта құжаттарын рәсімдеп жатыр», - деді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алмас МӘДИЕВ.
Индустриалды аймаққа газ, су, жарық және темір жол жүргізілген. Аталмыш жұмыстарға бюджеттен 20 миллиард тенгеден аса қаражат бөлініпті.
«Жалпы алғанда инфрақұрылым жақсарды. Су мен газ құбырлары жүргізілген. Енді біз оны кәсіпкерлердің нысандарына дейін қосымша құбыр арқылы жақындатып бермекшіміз. Яғни, өздеріңіз байқағандай мұнда жұмыс істеймін деген адамға барлық жағдай жасалып жатыр», - деді индустриалды аймақтың директоры Әділ БҰРЛЫБАЕВ.
8 жыл бұрын индустриалды аймаққа 300 гектардан аса жер бөлінген болатын. Содан бері мұнда түрлі компания құрылыс жұмыстарын жүргізіп, кәсіптерін домалатып келеді. Мұндағы жұмыс істейтін компаниялардың өнімі нарықтағы бағадан арзан болады.
Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы