Әуезов пен Алатау ауданының әкімдіктері әйелдер қауымын мерекемен құттықтады. Нәзік жандыларға арнайы концерттік бағдарлама дайындап, сый-құрмет көрсетті. Мейрамға ауданның бетке ұстар мұғалімдері, дәрігерлері, өнер адамдары мен көп балалы аналар жиналған.
40 жастағы Роза Атыраубаева 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында «күміс алқа» иегері атанды. 6 баланы тәрбиелеп отырған аяулы ана мұндай құрметке ие болғанына дән риза. Келіншектің ең кіші бөбегі 1,5 жасар болса, үлкені жақында тұрмысқа шықпақ. Жуық арада көп балалы ана «әже» атануға ниетті. Роза барша қыз-келіншектерге «ана атану» бақытын тілеп, мерекемен құттықтады.
«Барлық қыз-келіншектерді, аналарымызды 8 наурыз мерекелерімен құттықтаймын. Денсаулық, бақыт тілеймін. Еліміз тыныш болсын! Бала-шаға көп болсын! 6 баланың қиындығы менің ойымша қиындығы жоқ. Құдай жеткізеді. Өзіміз жұмыс істеп жатырмыз. Балалар бірін-бірі сүйреп өсіп жатыр. Тәуба!», - деді көп балалы ана Роза АТЫРАУБАЕВА.
Әуезов ауданында 258 мыңнан аса тұрғын бар. Оның 70 пайызға жуығы әйелдер. Сондықтан әкімдік мерекені тойлауда бір күнмен шектелмек емес. Игі істер 22-ші наурызға дейін жалғасады. Ұлы Отан Соғысы ардагерлеріне, мүгедектерге үйлеріне барып құттықтамақ. Ал ер азаматтар қауымы қыз-келіншіктерге арнап ән шырқады.
Алматының Алатау ауданы да қыз-келіншектерді ерекше құттықтауға асықты. Қызғалдақ гүлдері мен сыйлықтар да табыстап, ерен еңбегімен көзге түскен келіншектерге Бағдар Мәнізоров алғыс хат табыстады. Құрметке ие болғандар өте қуанышты.
Алатау ауданында жастары жүзден асқан 6 әже тұрады. Оған қоса, 3200-ден аса көп балалы ана, 1000-нан аса «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері де бар. Әйелдер билік жүргізу ісінде де көш басында тұр. Аудандағы 17 мемлекеттік мекемінің бесеуін әйел азаматтар басқарады. 25 мектептің 20-ын, 73 балабақшаның 70-іне нәзік жандылар жетекшілік етеді.
Жадыра Омаржан, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы