Алматыда пәтерлерін зарыға күткен үлескерлердің мәселесі жыл соңына дейін толық шешіледі. Қазір қалада 62 салымшыға тиесілі 1 тұрғын үй кешенінің құрылысы ғана тұралап тұр екен. Дегенмен, баспана жаңа жылға дейін қолданысқа берілетін көрінеді. Жалпы үлескерлер дауы ушыққаннан бері шаһарда 41 құрылыс компания басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Ал, жұрттан ақша жинап алған 2 мекеменің қожайыны әлі іздеуде жүр.
Сәуле Ермекова бір бөлмелі пәтерін алу үшін қиын жолды артқа қалдырды. Ол осыдан 11 жыл бұрын үй тұрғызып беруге уәде еткен «Серт» құрылыс компаниясына 6 млн теңге көлемінде қаржы құяды. Алайда кешенді бітіруге компанияның қаржысы жетпей өздерін банкрот жариялап, құрылысы тоқтап қалады. Соның кесірінен 500-ден астам отбасы сан соққан еді. Үлескерлердің даулы мәселесі мемлекет араласқан соң ғана оңынан шешіледі. Сәуле де зарыға жеткен пәтерінің кілтін 2015 жылы бірақ қолына алады.
«Алматыда өте көп үйлерді салды. Мысалы, Ақсай, Самал ықшамаудандарында. Бірақ, жағдайымыз қиындап кетті. Себебі, 7 жыл үй салынбады. Әкімшіліктің арқасында енді үй салынып, кірдік. Ешқандай ақша төлемедік, бұрынғы ақшамызбен алдық», - деді Сәуле ЕРМЕКОВА.
Бүгінге дейін Алматыда салымшылардың ақшасын жинап, құрылысын бітірмеген 41 компания басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Оның 30-ы сотқа жолданған. Ал, үлескерлердің ақшасын қалтасына басып, ұшты-күйлі жоғалып кеткен 2 компания директоры әлі іздеуде жүр. Соның бірі, «Верный» мекемесінің басшысы Жанат Ақбиев. Ол үлескерлердің 1 жарым млрд теңгеге жуық қаржысын жинап алған. Жалпы 2007 жылы басталған дағдарыс кесірінен Алматыда 16 мыңнан астам үлескер жапа шеккен. Қазір солардың барлығының дерлік мәселесі шешілсе, тек 62 тұрғын пәтеріне қол жеткізе алмай жүр екен.
«Алматыда қазір «Тау Көктем» тұрғын үй кешенінің салымшыларының мәселесі ғана шешілмей тұр. Нысан 80 пайызға дайын, бірақ құрылысы тоқтап тұр. Өйткені, «Билдинг сервис» мердігер компаниясы құрылысты уақтылы бітіре алмайды. Ал, жер телімі мен мүлікті несие алу үшін банкке кепілдікке беріп қойған болатын. Кейін, нысан банктің қарамағына өтіп кеткен», - деді Алматы қаласы Прокурорының бірінші орынбасары Берік ЖҮЙРІКТАЕВ.
Дегенмен, қалалық прокуратура жыл соңына дейін үлескерлердің бұл мәселесін толық шешіп беруге дайын отыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта да баспана салуды қолға алатын мердігерлерді қатаң тексеретін болады. Былтыр Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы жаңа заң қабылданған болатын. Үлескерлердің ақшасына үй тұрғызуға ниетті компания талап бойынша нарықта кемі 5-жылға дейін жұмыс істеуі тиіс. Әрі, үй тұрғызатын жер телімі өздеріне тиесілі және құрылысқа қаражаты жеткілікті болуы шарт. Прокурорлар тексеріс кезінде биыл қалада салынып сатқан 44 нысанның 11-інің ғана үлескерлер ақшасын тартуға рұқсаты барын анықтаған. ¤
«Мердігерлер әртүрлі қулыққа барып жатыр. Олардың құрылысқа әкімдіктен үлескерлерді тартуға рұқсаты болмаса да, заңға қайшы әрекет етуде. Жарнама жасап, халыққа салынбаған үйлерін сатып жатыр. Біз ол компаниялардың тізімін банктерге бердік», - деді Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Берік ЖҮЙРІКТАЕВ.
Соңғы 5 жылда үлескерлер мәселесін шешу үшін ауқымды жұмыстар атқарылып, 20 проблемалы нысаннан тек біреу қалды. Дегенмен, құзырлылар тұрғындарға компаниямен келісімшартқа отырмас бұрын, әкімшілкітен арнайы рұқсат қағазынан бар жоғына көз жеткізулерін сұрайды. Одан өзге, келісім шартты делсалсыз емес құрылыс компаниясын тікелей жасауға кеңес береді.
Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы