«Саяхат» автобекеті маңындағы сүрілген базар сатушылары өзге орындарға көшірілді

15.08.2018 22:30

Бұдан былай «Саяхат» автобекетінің ішіндегі жабайы саудаға жол берілмейді. Өз беттерінше сауданы қыздырған заңсыз кәсіпкерлердің әрекетіне тосқауыл қойылып, бүгіннен бастап сауда нысандары сүріле бастады. Енді бұл жер теліміне толықтай су жаңа автобекет салынбақ.

Ұзақ жылдар бойы қызмет еткен бұл «Саяхат» сауда нысанын сүру жұмысы алғашқында 1 шілде деп бекітілген. Саудагерлерге базардың жойылатыны туралы 22 маусымда ескерту жасалыпты. Алайда, нәпақасын осы жерде тауып отырғандар бұл мерзімді кейінге шегеруді сұрап, нәтижесінде, ол 1 тамызға ауыстырылған еді. Ал кейіннен кәсіпкерлердің өтініші бойынша 15 тамызға белгіленген.

«Бәрімізге ескертілді. Базар сүріледі, орындарыңызды табыңыздар деді. Әр саудагермен әкімшілік те, «Саяхат-инвест» компаниясы да жеке сөйлесіп, әрқайсысына орын қарастырып жатыр. Оған да рахмет», – дейді базар сатушысы Жанар НҰРТАЕВА.

«Әкімдік бізге «Жетісу» базарынан, «Көк базардан», Түрксіб ауданындағы базардан орын алып беріп жатыр. Бір бізге емес, осы жерде отырған 300-ден аса адамға орын тапты. Өздері көшірісіп, машинасын беріп, барынша көмектесіп жатыр», – дейді тағы бір сатушы Мөлдір ТАСТЕМІРОВА.

Жетісу ауданы әкімдігінің сөзінше, мұнда жалпы 139 жеке кәсіпкер тіркеліп, нәпақасын тауып отырған. Ал еш жерде тіркелмей киім-кешек, азық-түлік сатып жан баққан саудагерлер одан да көп дейді.

«Орын таппағандар бізге келген жоқ. Ондай адамдар болса, келсін. Біздің есігіміз әрдайым ашық. Әр базардың өзі ұсынатын әлеуметтік пакеті, жеңілдіктері бар. Қоятын шарттары да әрқалай. Мысалы, бастапқы  екі айда ақшасын төлемейді, содан кейін жарты бағасын төлейді. Тек содан кейін ғана түгел төлемін төлейді», – деп түсіндірді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мұхтар Тәжібаев.

Заңсыз сауда нүктесі орналасқан жер телімінің иесі бұл жерде енді заманауи автобус бекетін салуды көздеп отыр. Қазіргі таңда автобекет жобасы дайындалып жатыр. Атап өтерлігі, Жетісу ауданында 16 базар жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін алтауы жаңғыртылған. Биыл тағы төртеуі жөндеуден өткізіледі. 2020 жылға дейін сауда орындарының барлығы толық заманауи қалыпке келтіріледі.


Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы