Алматыдағы барахолканың маңайындағы жабайы сауда жойылады. Енді ол жердегі сатушыларды арнайы комиссия тексеріп, құтты орындарынан қуаламақ. Жолы реттелсе де маңы әлі ретке келмей тұр. Алатау ауданының сақшылары заңсыз сауда жасағандарға жыл басынан бері 2 млн-нан астам айыппұл салған.
Қала әкімшілігі Алматының аты шулы барахолкасына арнайы сауда ғимараттарын салып, маңайды ретке келтіруге тырысқанмен баяғы жартас, сол жартас. Қазір мұндағы көрініс тіпті адам шошырлық. Жол бойынан бастап базардың айналасы күл-қоқыстан көз ашпайды. Ал, жабайы саудамен айналысқан сатушылардан аяқ алып жүру мүмкін емес.
Алатау ауданының әкімшілігі мен тәртіп сақшылары саудагерлерді осылай құтты орнынан қууға талпынып бақты. Алайда, олардың саны тым көп мұнда. Жол жиегін жағалай отырып, заңсыз нәпақа тауып жүрген 100-ге тарта саудагер бар екен. Олар қанша қуса да, бұл жерден кетпейтіндіктерін жеткізді. Саудагерлердің сөзінше, ғимараттағы контейнердің жалдау құны қымбат.
Күнделікті ас-суына ақшаны осы жерден тауып жүрген саудегерлер қанша ақталғанмен, сақшылар маңайды тазалап, оларды қуатын болады. Тіпті кейбіріне айыппұл арқалатты. Бұған ашынған сатушылар бар шындықты жайып салды. Олар заңсыз сауда жасауға рұқсатты ауызбастырыққа ақша алған полицейлердің өздері беріп келе жатқанын алға тартты.
Барахолканың былығымен күресіп шаршаған жергілікті әкімшілік өкілдері енді тексеріс шараларын қатаңдатпақ ниетте. Олар жетісіне 1 рет рейдке шығып, базар маңындағы жабайы сауданың түп тамырына балта шабамыз дейді.
«Шығамыз осылай, ГАСК-тың адамдары, табиғатты қорғау полициясы, жер қатынастары инспекциясының мамандарымен бірігіп, барлығымыз жұмыс жасап осы жерді тазартамыз деген ойдамыз. Жоспарлап отырмыз аптасына 1 мәрте осылай рейдтік шаралар жүргіземіз деп», - деді Алматы қаласы Алатау ауданы кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Ертай АЛИМОВ.
Жыл басынан бері Алатау айданында жабайы саудамен айналысқан адамдарға 204 бап бойынша 418 хаттама толтырылып, 2 млн 371 мыңнан астам айыппұл салынған. Сондай-ақ көріктендіру заңнамасын бұзып, маңайды күл-қоқысқа толтырғандарға 641 хаттама жазылып, оларға 4 млн 848 мыңнан аса айыппұл жүктелді.
Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы