Алматыда мектептер сейсмотұрақтылығы жаңарып, жөндеу жұмыстары жалғасуда

Алматыда мектептер сейсмотұрақтылығы жаңарып, жөндеу жұмыстары жалғасуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыда бірнеше мектептің оқушылары басқа білім ордаларында оқу жылын бастауға мәжбүр. Өйткені, өздері оқитын ғимаратта құрылыс жұмыстары желтоқсан айына дейін созылмақ.

Өткен ғасырдың аяғында қолданысқа берілген мектептерде сейсмикалық тұрақтылық ауыстырылып, шатырларынан бастап, едендеріне дейін жаңартылып жатыр.  

М. Әуезов ауданындағы мына мектеп өткен ғасырдың 90-шы жылы қолдануға берілген. Содан бері мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Тек жыл сайын ескірген тұстары жөнделіп отырған. Ал биыл білім ордасы толықтай басқа кейіпке енеді. Шатырынан бастап, еденіне дейін жаңартылып жатыр. Сонымен қатар, жер сілкінісі кезінде 9 баллға дейін шыдас беретін құрылғылары да ауыстырылған.  

«Мектеп толығымен қоршауынан басталып, спорт алаңына дейін барлығы толығымен күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізіледі. Әр кабинет заман талабына сай жабдықталады. Оқушылар толығымен жаңа талаптағы мектепке кіреді», – деді Алматы қаласы А.Байтұрсынұлы атындағы №139 мектеп-гимназия директоры Ерік ҚУАТБЕКОВ.

Құрылыс жұмыстары құжат бойынша желтоқсан айына дейін біту керек. Мердігер компания жұмысты қарашада толығымен аяқтаймыз деп отыр. Ал осы мектептің оқушылары ол уақытқа дейін жақын маңдағы мектептерге барып білім ала тұрады. Сонымен қатар, күрделі жөндеуден өтіп жатқан тағы 3 мектептің тәлімгерлері де дәл солай істеуге мәжбүр.  

«Қазіргі кезде Білім басқармасы тарапынан бұл үш мектепте де балаларды жақын маңдағы мектептерге орналастыру жөнінде бұйрығы шыққан. Балалар бірінші тоқсанда, бәлкім, екінші тоқсанның алғашқы бір айында білімдерін сол мектептің қасында орналасқан мектептерде жалғастыратын болады», – деді Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА.

Ал №123-ші мектептің құрылысына жауапты компания жұмыстарын уақытынан бұрын бітіргендіктен, оқушылар 1-ші қыркүйекте жаңартылған ғимаратта оқу жылын бастайды. Қазір мұнда парталар кіргізіліп, тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мектепте де сейсмотұрақтылық жаңартылған. Қолданылған материалдардың барлығы отандық өнімдер. Мұнда жөндеу жұмыстары сәуір айында басталған екен.

«Негізінен, күрделі жөндеу және сейсмикалық нығайту жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстары 2018-ші жылдың желтоқсан айына дейін созылатын шығар деп есептеген едік. Дегенмен, мердігер компания өздерінің міндетін мерзімінен бұрын аяқтап, мектепті тапсырып отыр», – деді Алматы қаласы Қожа Ахмет Ясауи атындағы №123 мектеп-гимназия директоры Бағила ӘШІМБАЕВА.  

Бүгінгі таңда Алматы қаласында 250-ден астам білім ошағы бар. Олардың 203-і – мемлекеттік мектеп. Жыл сайын мегаполистегі мектептердің сейсмотұрақтылығы жаңарып отырады. 2025-ші жылға дейін қаладағы барлық білім ордаларында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп бітеміз дейді Білім басқармасының мамандары.


Өмір Әнуарбек, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров