Алматыда 1 мың 268 тонна әлеуметтік тамақ өнімдері төмен бағамен сатылған

20.10.2017 21:24

Алматыда қымбаттаған бағаны төмендету үшін 1 мың 268 тонна әлеуметтік тамақ өнімдері төмен бағамен сатылған. Қазір қоймада қалған азықтың қоры екі мың тоннаға жетпейді. Макарон, тұз, күріш, қант сынды әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдері елдің әр өңірінен тонналап тасымалданып жатыр. Қойма толықтай тамаққа толғанның өзінде бұл нарықтағы сұраныстың тек 3-5 пайызын ғана қамтиды екен. Қымбатшылыққа қарсы құрылған әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясындағы жағдаймен Әмірболат Құсайынұлы танысып келді.

Қоймадағы азық-түлік жылына екі рет жаңартылып тұрады. Жуырда, қант қымбаттап, оның келісін 270 теңгеге жеткенде мына қоймадағы 700 тонна қанттың 612 тоннасы сатылымға шығарылған. Қымбатшылық пен жетіспеушілікті жою үшін жасалған жоспардың нәтижесінде қазір қанттың бағасы түсіп, келіс 220 теңге төңірегінде тұрақтап тұр.

Делдалдар тасымал арқылы тамақты қымбаттатқанда қоймадағы азық-түлік қоры 10-15 пайыз төмен бағамен сатылымға жіберіледі. Қазір күріш пен сұйық майдың бағасын тұрақтандыру үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Күрт көтерілетін қымбатшылықты жою үшін жұмсалатын өнімдер Жамбыл, Қостанай, Павлодар олбыстарынан әкелінеді. 

«729 миллион теңгеге 3 170 тонна азық-түлік өнімдері алынды. Бүгінге дейін оның 40 пайызы сатылымға шығарылды. Қорпорация тапшылық пен бағаның көттерілуін болдырмау үшін құрылған. Бұл жердегі тауарлар ірі сауда желісінен басқа қаланың 5 ауданындағы жәрмеңкелерге де жіберіледі»,- "АЛМАТЫ" ӘКК АҚ бөлім жетекшісі, Азиз ТҰРҒАНОВ.

Әлеуметтік тағам түрлері Алматыдағы 9 ірі сауда желісі арқылы сатылады. Бірақ, олар ойына келген құнды емес, меморандумда көрсетілген бағалық белдеуді ескеруі тиіс. Қазір бұл тамақ өнімдерінің құны көпке қолжетімді болғанмен, тікелей делдалдар арқылы жұмыс істейтін базардағы баға бірден көтеріліп кеткен.

Бензиннің тапшылығы мен күннің суытқанын сылтауратқан азық-түлін құнын көтеріп үлгерген. Бір ай бұрын бір келісі 60-80 теңге аралығында болған картоптың құны қазір 150 теңгеге жеткен. Сәбіз, қызылша, пияз, қызанақ, қияр сынды көкеністердің құныда қалтаға салмақ түсіреді.  

«Бағаның қымбаттауына делдалдар әсер етеді. Өйткені, фермерлердің өнімін сақтайтын қоймасы жоқ. Сондықтан, біз қазір өндіруші мен сатушы арасын делдалсыз жалғау жөнінде жұмыс жасап жатырмыз. Мемлекеттік субсидияға жылыжай салу, ірі қоймаларды тұрғызу әлі жалғасады. Кәсіпкерлер қазір инвестицияны агроөнеркәсіп кешеніне жұмсау керектігінде түсінді»,- деді Алматы қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринарлық бақылау басқармасы басшысының орынбасары, Қарлығаш ӘБДІЖАППАРОВА.

Фермерлер тұрмақ, әлеуметтік тамақ қорларын сақтайтын ірі корпорациялардың да өздеріне тиесілі қоймасы жоқ. Жалға алынады. Бұлда бар дүниенің бұқараға төмен бағамен келуіне кедергі келтіреді. Бағаның шарықтауын жою үшін өңірде азық-түлік белеуіде құрылған. Бұдан бөлек Алматыны қыстай қияр, қызанақпен қамту үшін алып жылыжайда салынған. Бірақ бұның бәрі сұранысты толық қамтуға әлі қауқарсыз.