Алматыда тозығы жетіп тұрғындарға қауіп төндіретін ескі үйлерді сүру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Биыл шаһарда 8 көне там күреліп, орнына көпқабатты 9 үй тұрғызылады. Соның арқасында 500-ге жуық отбасы жаңа пәтерлерге қоныс аудармақ. Тұрғын үйлер пилоттық жоба аясында инвесторлардың көмегімен салынады.
Отызыншы жылдары тұрғызылып, әбден тозығы жеткен Алмалы ауданындағы бұл тамды құрылысшылар күреуге кірісті. Каркас пен қамыстан салынған үйдің қызмет ету мерзімі әлдеқашан біткен. Қауіпті деп танылса да, қос қабатты баспанада 8 отбасы тұрып келген. Бірақ инвесторлар тұрғындардың тілін тауып, көне тамды сатып алыпты. Бұрындары ескі үйлерді сүрумен тек мемлекет айналысатын болса, қазір жаңа жоба бойынша бұл жауапты іске инвесторлар да араласа алады. Яғни, қала әкімдігі көне тамның жер телімдерін аукционға шығарады. Одан жеңген мердігерлерге құрылысты бастауға рұқсат етіледі.
«Бұл үйде 8 пәтер болды. Барлығына үй алып бердік, не болмаса ақшалай компенсация бердік. Ол рыночный бағадан кішкене жоғарылау. Мысалы, осы районда 1000 доллар болса квадратурасы, біз оған 1,500 деп компенсация жасадық. Кейбір адамдар бізге үй керек емес, біз осы жерде салынған үйде тұрамыз деген соң, біз оларға басқа жерден үй жалдап арендасын төлеп жатырмыз. Мына үй біткесін олар осы үйден жаңа пәтер алатын болады»,-деді мердігер компания директорының орынбасары Марат КАСИЕНОВ.
Аукционда жеңген инвесторлар сараптамадан өтіп, тиісті құжаттарды әзірлеумен, тіпті тұрғындарды басқа баспанаға көшірумен де өздері айналысуы шарт. Әрмен қарай тозығы жеткен тамды сүріп, орнына жаңа баспана тұрғызады. Тұрғын үй заманауи талаптарға сай болуы қажет. Мұны ескерген мердігерлер бұл ескі үйдің орнына 54 пәтерлі 9 қабатты үй тұрғызбақ. Жертөлеге екі көлік тұрағын жасаса, бірінші қабатқа балабақша салмақ. Бөбекжай мемлекет меншігіне беріледі.
«Инвесторларды іріктеу құрылыс заңнамасына сәйкес екі кезең бойынша жүргізіледі. Олардың жұмыс тәжірибесіне, яғни салған баспаналарының саны мен сапасына қараймыз. Мердігер компания тұрғызған үйлер 18 мың шаршы метрден асуы шарты. Екі жылдағы қаржылық есептілігі оң көрсеткіш көрсетуі есепке алынады. Бұл инвесторларға қойылатын негізгі талаптар. Олар осы кезеңдерден сәтте өтсе, әрмен қарай бізде аукцион болады. Яғни, сүрілген үйдің орнына кім көп пәтер салатын болса, сол жеңімпаз болып шығады»,-деді «Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС директорының орынбасары Руслан ЖАМЕНКОВ.
Биыл Алматы қаласында 8 көне там күреледі. Олардың үшеуі Жетісу ауданыда болса, үшеуі Медеу ауданында. Ал, қалған 2 там Әуезов пен Түрксіб аудандарында орналасқан. Сүрілген үйлердің орнына көпқабатты 9 баспана тұрғызылады. Соның арқасында 442 отбасы жаңа пәтерге қоныс аударады. Жалпы, ескі үйлерді сүру 2012 жылдан бері пилотты жоба ретінде енгізілген болатын. Бүгінге дейін шаһарда 56 үй сүріліп, орнына салынған баспанаға 578 отбасы көшірілген. Ал, алдағы 3 жылда қалада тағы 77 ескі үйді жермен-жексен ету көзделуде.
Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы.