«Болашаққа» 25 жыл: талантты жастардың жолын ашқан бағдарлама

«Болашаққа» 25 жыл: талантты жастардың жолын ашқан бағдарлама
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Болашақ» бағдарламасына 25 жыл. Осы уақыт ішінде мемлекет 12 мың болашақ ғалымға инвестиция құйған. Білім алып келген жастар бұл мәртебені толық ақтауға тырысады. Қазіргі таңда барлық магистрлер Отанымызға оралып, зерттеулер жүргізіп, еліміздің экономикасы үшін жұмыс істеуде.

Диас кәдімгі көп пәтерлі үйдің кішігірім жертөлесінде өзінің әріптестерімен бірге өсімдіктерді топырақсыз өсірумен айналысады. Жасымық, насыбайгүл, сұлы мен руккола қоректік ерітінді сіңірілген губкада өседі. Енді бір айда егін жинауға кірісе беруге де болады дейді. Мұндай әдіспен өсімдіктің барлық түрі тіпті, қыс мезгілінде де жеміс бере алады екен.

Диас әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып жүргенінде-ақ жаңа технологиялар мен инновацияларға бет бұрған. Бакалаврды аяқтаған соң, білімін одан әрі жетілдіру үшін «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияға оқуға кетеді. Қайтып келген соң осындағы түрлі университетте жұмыс істеген. Дегенмен, жаным әрдайым ғылымға тартып тұрды, дейді ол.

«Әрине, осындай мүмкіндік берген – «Болашақ» бағдарламасы. Қазір мен бұл университетте жұмыс істемесем де, осы бағдарламаға орай магистратура оқып келіп, осындай нәтижеге қол жеткізгенім үшін алғысымды білдіремін», – дейді зерттеуші Диас ТАСТАНБЕКОВ.

Алмаз Тұяқбаев та шетелде білім алуға мүмкіндік алғандардың бірі. Алматыда бакалаврды оқығаннан кейін, Карнеги-Меллон университетінің магистрі атанған. Алған білімін қазір елінің өркендеуі жолында пайдалануда.

«Мемлекеттің шетелде білім алуымызға мүмкіндік бергені, оқуымызды төлегені және оны оралған соң еселеп қайтаруымыз керектігі өте әділетті деп ойлаймын. Өзім қайтып келгелі 2 мыңнан аса студентті оқыттым», – дейді IT технологияларды оқытуға арналған компанияның негізін қалаушы Алмаз ТҰЯҚБАЕВ.

«Болашақ» бағдарламасы іске қосылғалы 25 жыл ішінде 12 мың 831 адамға шәкіртақы тағайындалыпты. Қазіргі уақытта шетелде 1 мың 200-ден астам студент оқып жатыр. Олардың 6,2 пайызы Ұлыбританияда, 38,5 пайызы АҚШ пен Канадада, 5,2 пайызы құрлықтық Еуропа елдерінде, 4,9 пайызы Азияда, ал 5 пайызы Ресей Федерациясының жоғарғы оқу орындарында білім алып жатыр.

Тоғжан Аман, Әсет Құндақбаев, Алматы телеарнасы

Новости партнеров