Қандай да бір әділетсіздікпен бетпе-бет кездестіңіз бе? Онда сізге Алматыда ашылған жаңа құқықтық қызмет көрсететін орталыққа асыққан жөн. Онда мамандар қажетті көмек көрсетіп, керек кеңесті береді. Бұл бастама бармақ басты, көз қыстыға жол бермейді деп сендірді құзырлылар. Ал, жең ұшымен жалғасқан жемқорлық атымен жойылады дегенді алға тартуда.
Ашылғанына небәрі бірер күн ғана болған құқықтық қызмет көрсететін орталыққа келушілердің қарасы көп. Мұнда азаматтар заңгерлік қызметті тегін ала алады. Сондай-ақ, электронды қолтаңбадан бастап, адвокаттар мен істі сотқа жеткізбей шешетін медиаторлар да бар. Тіпті, психологтар да, соттан сотқа жүгіріп, әбден жүйкесі тозған жандардың жанын түсініп, қажетті кеңес беруге әзір. Бала-шағасымен сабылып жүретіндер үшін де арнайы алаңды да жайғастырып қойған. «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін орталыққа қала әкімі Бауыржан Байбек пен еліміздің бас прокуроры да бас сұғып, өз бағасын беріп қайтты.
«Әрине, қолымыздан келгенше жағдай жасаймыз. Елбасы айтқандай Рухани жаңғыру бағдарламасы шеңберінде бізде "Туған жер" жобасы бар. Бүгінгі іс-шара осы "Тауған жер" жобасына кірді. Мына ашылып жатқан орталық өте жақсы қадам», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Орталықтың негізгі міндеті-халықтың сеніміне кіру әрі оны абыроймен атқару. Шындық іздеп шарқ ұрғандардың саны өкінішке қарай азаймай келеді. Бір ғана оңтүстік астандағы прокуратураға арыз-шағым түсіргендер 35 мыңға жетіпті. Құзырлылардан көмек сұрауға барған да күзетшіден бастап қабақ шытып қарсы алуды доғару жөн дегенді алға тартады шенділер.
«Біз басымызға іс түссе не істейміз? Біз ең алыдмен кімге айтамыз деп таныс іздейміз? Полицияда, прокуратурада, судбяда таныс бар ма деп. Өтірік емес қой. Оны неге айтпаймыз біз? Осыған кінәлі кім? халық емес. Біз кінәліміз. Себебі, бәрін жауып алдық. Биік қақпа. Түсі суық күзетші. Қарапайым адам бізге кіре алмайды. Өкінішке орай біз осыны мойындауымыз керек. Сондықтан 100 нақты қадамның жүзінші қадамы бізге сондай талап қойды. Елбасының талабы. Мемлекеттік қызмет жерден бір көрсетілуі тиіс», - деді ҚР Бас Прокуроры Жақып АСАНОВ. Бұл орталық - жер мен үйдің дауын шеше алмай жүргендер, мүлікте заңдастыру мен жекешелендіруге қатысты сұрағы барларға айқара ашық. Оған қоса, жергілікті әкімшілікке айтар бұйым-тайыңыз да қабылданады. Сондай-ақ, «аяқсыз қалған азаматтық істер мен соттың шығарған шешіміне келіспейтіндер де келсе болады», - дейді мамандар. Олардың есептеуінше, орталыққа келушілердің саны күніне 200-ден асатын болады.
«Біздің орталықтың ашылуы – сапалы қызмет көрсету. Екіншіден, прокурор кабинетте болып, мұнда келіп күнделікті қызмет көрсету. Қазір прокуратураға 50 кісі келетін болса, орталық жұмыс істеген соң, күніне 200-250-ден астам тиіспіз», - деді Алматы қаласы Бас прокурорының орынбасары Берік АДАМОВ.
Бұған дейін Алматыда тұрғындардың мәселелерін шешуге арналған «Open Almaty» қоғамдық қабылдауы ашылған еді. Сонымен қатар, "Visit Almaty» туристік- ақпараттық орталығы да өз қызметін атқаруда. Бұл жұмыстардан бөлек «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес барлық қылмыстық және әкімшілік процестерді сандық форматқа көшіру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.
Әйкерім Ердәулетқызы, Влад Шишко, «Алматы»телеарнасы