Геннадий Головкиннің (38-0-1, 34 КО) промоутері Том Леффлер мексикалық Сауль Альвареске (49-1-2, 34 КО) қарсы өтетін алдағы жекпе-жек туралы пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАҚпарат» ХАА Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
«Канело» шабуылға бай жекпе-жек пен нокаут болады деп уәде беріп отыр. Бірақ үнемі қорғаныста жүрсең ешкімді де жыға алмайсың. Альваресті де мойындау керек, ол он екі раунд бойы шыдады, бірақ ол «аман қалудың» қамын ойлады. Біз «Канелодан» күткен мықты айқасты көрген жоқпыз. Енді, бірінші кездесуден кейін оның айласы артып, өзіне сенімдірек болды. Демек, осы жолғы жекпе-жекте көбірек шабуылдауы мүмкін. Егер ол шынымен мексикалық болса, мұны дәлелдесін. Бірақ ол бірінші айқаста мүлде басқаша бокстасты. Одан не күтуге болатынын білеміз. GGG жекпе-жекті қарқынды бастайды. Енді Головкин мұндай қорғаныс әдісіне мейлінше дайын», – дейді Леффлер.
Еске сала кетейік, «Канело» - GGG рематчы 15 қыркүйек күні Лас-Вегаста өтеді.