Қазақстан Президенті Әкімшілігінің келісімімен Түркістан облысы әкімінің бұйрығына сәйкес, Қайрат Нүкенов Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев облыс активіне жаңа орынбасарын таныстырып, оған сәттілік тіледі. Өз кезегінде Қайрат Нүкенов сенім артқаны үшін облыс әкіміне алғыс білдірді», – деп мәлімдеді Павлодар облысы Екібастұз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Нүкенов Қайрат Теміршотұлы 1970 жылы 15 қыркүйекте Павлодар облысының Железин ауданындағы Захаров ауылында дүниеге келген.
1987 жылы Железиндегі ауыл мектебін бітірген соң «Железин» кеңшарында мал шаруашылығы кешенінің жұмысшысы ретінде еңбек жолын бастайды. 1988 жылдан 1990 жылға дейін әскер қатарында болып, кейін «Трестжилстрой» шаруашылық есепті жастар бірлестігінде экспедитор болып істеді. 1992 жылдан бастап коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарын атқарды. 2002 жылы Омбы қаласындағы Сібір мемлекеттік автомобиль-жолдары академиясын «Экономика және кәсіпорындардағы басқару» мамандығы бойынша, 2014 жылы П.А. Столыпин атындағы Омбы аграрлық университетін «Жеміс-көкөніс және жүзім шаруашылығы» мамандығы бойынша аяқтады. 2012-2013 жылдар аралығында - Железин ауданының әкімі. 2013 жылы - Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы. 2014 жылдың маусым айынан бастап - Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі, 2016 жылдың сәуірінен бастап Екібастұз қаласының әкімі болып қызмет атқарды.