Еліміздің өзге елге қатынайтын автобустарына рейд жүргізілді

27.01.2018 03:00

Алматы арқылы өзге аймақтарға қатынайтын 200-ден астам автобус жүргізушілері заңды белшеден басқан. Басым бөлігін тізгіндеген темір тұлпары  техникалық талапқа сай емес екендігі анықталды. Осылайша, қоғамдық көліктер ұзақ жолға шығар алдында тыңғылықты тексерістен біртіндеп өтті.

Бұл Қытайдың Құлжа бекетіне қарай бағыт алған қоғамдық көлік Алматыдан шыға берісте тоқтатылды.  Автобус бірде-бір техникалық талапқа сай келмейтіндігі аздай, құжаттары да толық емес. Сорақысы сол, Қазақастанға емін-еркін кіріп жүрген көлік жүргізушісінің қолындағы мерізімі өтіп кеткен құжаты тек қытай тілінде ғана жазылған. Есесіне, екі ел арасында тауар мен қоса адамды тасуға келгенде тәуілік бойы тынбайды екен. Осылайша әбден тозығы жеткен автобус  жүргізушісінің  ұзаққа созылмақ болған сапары дереу тоқтатылды.  

Ал, бұл Қырғызға қарай жол тартқан шағын автобус. Ақтөбедегі оқиға сабақ болса керек, алыс жолға тас-түйін дайындалып шығыпты. Ішіндегі жолаушылардың түгелдей жол жүру билеті қолында. Әдетте шырайлы Шым қалаға кеш бата заулайтын автобустар көп болғанмен жолаушы азайған қазір. Қыстың қатты аязынан қорыққан ба, суық түскелі қалаарасына қатынайтындарда саябырсып қалған.

Алматыға ойдан-қырдан келетін жолаушылар көлігінің бәрі күндіз-түні тексеріліп жатыр. 3 күннің ішінде 400-ден астам қоғамдық көлік бақылаудан өтіпті. Оның тең жартысы айыппұл арқалап, екеуінің жолға шығуына мүлдем тыйым салынды.  

«240-қа жуық құқық бұзушылық анықталған болатын. Олардың басым бөлігі жол жүру ережелерінің сақталмауы, атап айтқанда апаттық жағдай туғызуы, техникалық талаптарға сәйкес келмеген жағдайдар бар. Сонымен қатар, халықаралық бағытта тасымалды жүзеге асыратын тасымалдаушылардың белгіленген рұқсатнамаға сәйкес белгіленген маршруттан ауытқу фактілері, жолаушылардың билетсіз жүру фактісі анықталды»,-деді Алматы қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы бөлім басшысы, Ерлан ЖҮСІПОВ.

Осылайша, жол жүру ережесін елемегендер 9 мың теңгеден бастап 2 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалайды. Ал, заңды өрескел бұзып, белшеден басқандардың автобустары айып тұрағына қойылып, мәселесі күрделене, жауапкершілігі еселене түседі. Көліктік бақылау инспекциясы мен бірге жергілікті полиция қызметкерлері бұл шараның 18-ші ақпанға дейін болатындығын алға тартты. Ал, көлік жүргізушілерінің пара беріп сытылып-құтылып кетпесі үшін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің департамент мамандары да рейдтің соңына дейін басы-қасында болатындықтарын жеткізді.

Әйкерім Ердәулетқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы