|
23.02.2018 | 23:00
4003

Алматыда туризмді дамыту мақсатында «бёрдвотчинг» жобасы жасалды

Алматыда туризмді дамыту мақсатында «бёрдвотчинг» жобасы жасалды

Алматының туризм әлеуетін дамыту үшін «бёрдвотчинг» деп аталатын жоба жасалды. Бұл қаладағы сирек кездесетін құстарды тек суретке түсіруге мүмкіндік береді. Енді ғана қолға алынған жобаны естіген шетелдік фотографтар қазірден-ақ келе бастаған. Ал жалпы Алматыға атбасын бұратын туристердің көбі көрші мемлекеттің азаматтары. Саяхатшылар саны бойынша рекордтық көрсеткіш 2016 жылы тіркелсе, биыл оның өзгеруі мүмкін екен.

Туризм саласындағы осы және өзге де жаңалықтар туралы әріптесім Азамат Әуезханның өзі студияға келіп, кеңірек тарқатуға дайын. 

-Азамат қалада туризмді тұралатпау үшін нендей шаруалар атқарылып жатыр?

-Сандарға сәлден соң тоқталайын. Алдымен туристерге арналған «чек лист» туралы айтсам. Алматыдағы вокзалдарда, әуежай мен қала орталығында менің қолымдағы парақшаны оңай алуға болады. Бұл саяхатшыларға арналған жол сілтеуші шағын құрал іспетті. 72 сағаттың ішінде шаһарымызбен етене танысуға көмектеседі. Туризм саласының мамандары мұны Алматы24 және Алматы48 етіп дайындап жатыр.

«72 сағат дегеніміз бұл - Алматы қаласына адамның келген орташа уақыты 72 сағат болып есептеледі. Одан басқа қазіргі үлкен бағдарлама бойынша, Қазақстан мен Қытай елі арасында Қытай азаматтары Алматы және Астана қалаларында 72 сағатта транзиттік визамен жүре алады. Сол екі факторды ескере отырып, турист 72 сағатта Алматыда не істей алады?!», - деді Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан ЖАЙЛАУБАЙ.

Мамандар мына ақпараттық парақшадағы көрсетілген орындарға бар деп міндеттеуден аулақпыз, дейді. Қаласа, әрбір саяхатшы қаладағы көңіл көтеру орындарына, қазақы дәмнен ауыз тиюге, мұражайларға, әсем тауларымызды көріп тыныға алады. Бұл жерде қажетті байланыс телефондары мен керек ақпараттар да көрсетілген.

Орта есеппен әр турист қалада күніне 150 доллар жұмсайды. Бұл сомаға жатын орны, үш мезгіл тамақтану мен алматылық керемет нысандарды тамашалау кіреді. Өткен жылдың 10 айында Алматыға келген жарты миллион туристің ең көбі Ресей, Өзбекстан  және Қырғыз Республикасының азаматтары. Ал Қытайдан 36 мыңнан аса саяхатшы ат басын бұрса, Түркиядан 24 мың, Үндістаннан 20 мың азамат келіпті.

«Алматыға келетіндердің көбісі іскерлік мақсатпен келеді. Бұдан бөлек, еліміз Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан соң, қалаға келгендердің көпшілігі Алматы облысы мен өзге өңірлерге, тіпті көрші елдер, Қырғыз елі, Өзбекстан, Қытайға Алматы қаласы арқылы өтеді. Әрине, бұл біз үшін қуантарлық жағдай», - деді «Visit Almaty» туристік ақпарат орталығының директоры Кәмила ЛҰҚПАНОВА.

Алматыға ат басын бұрған туристердің көбін Шымбұлақ пен Медеу мұз айдыны қызықтырады. 2016 жылы Медеу мұз айдынына келген сырғанаушылар саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 336 мыңды құраған. Ал жыл басынан бері 320 мың келуші тіркелсе, қысқы маусым аяқталғанша тағы бір рекордтық көрсеткіш тіркелуі бек мүмкін. Қазірдің өзінде шаһарымыз шетелдік туристердің қызығушылығын тудырып отыр.

«Мен скейтпен бүкіл әлемді шарлап келемін. Қазақстан менің тізімімдегі 49-шы ел. Мен үшін бұл ел нағыз тосын сый болды. Барлығы қызық. Бұл атақты велошабандоз Винокуровтың отаны. Күні кеше халық музыкалық аспаптар мұражайын тамашаладым. Алған әсерім ерекше»,  - деді саяхатшы Марсело Джервасио СИЛЬВА (Бразилия).

«Мен Алматыға іскерлік мақсатпен алғаш келуім. Қазақстанның әдемі қаласында 5 күн болдым. Қала маған өте ұнады. Табиғаты, ауа райы ерекше әсер қалдырады. Іле Алатауда орналасқан қала мен үшін кәсіпкерлік, қаржылық және мәдени орталығы екендігіне көзім жетті», - деді саяхатшы Христос АПОСТОЛОУ (Ұлыбритания).

Бүгінде саяхатшылар қонақ үйден қарағанда хостелде демалуды құп көретін болған. Алматыда мұндай орындардың саны 80-нен астам.

«Алғаш ашқан кезімізде таңғалысымыз аз болмады. Отандастарымыз көптеп келді. Халықаралық брондау алаңдарын пайдалану арқылы шетелдіктер де жиі ат басын бұрады. Олардың көбі қалталылар болса да, осындай орындарда тоқтағанды жөн көреді», - деді хостел директоры Руслан ШАЙЫНОВ.

Туризм әлеуетін дамыту үшін түрлі тәсіл енгізіліп жатыр. Оның бірі «бёрдвотчинг» деп аталады. Бұл Алматыда тіршілік ететін ерекше құстың түрлерін суретке түсіруге мүмкіндік береді. Осыны естіген шетелдік фотографтар да келе бастаған. Тағы бір бағыт саятшылық туризм екен. Бірақ бұл жоба енгізілгенімен, заңдық тұрғыда кереғарлық бар. Яғни, табиғат қорғаушылар мен қоғам пікірі ескерілмеген сияқты. Дегенмен алдағы уақытта бұл тақырыпты да қаузап көрмекпіз.

-Азамат, ал туризм саласында отандастарымызға да арналған жобалар қарастырылған ба?

-Алматыны жақыннан тану үшін тұрғындарға арналған жобалар бар, әрине. Солардың бірі - «Өз қалаңды жақыннан таны» деп аталады. Себебі шаһардағы 45 мұражайды барлығы тамашалады деу қиын болып тұр.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир