Алашорда үкіметінің құрылғанына тура бір ғасыр

14.12.2017 21:44

Алашорда үкіметінің құрылғанына тура бір ғасыр. Осыдан жүз жыл бұрын Орынбор қаласында өткен екінші жалпықазақ-қырғыз съезіне қазақ даласының әр аймағынан жиналған 82 делегат 15 адамнан тұратын Алашорда үкіметін  құрды. Бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің негізін қалап кеткен тарихи тұлғалар кеңестік қызыл қырғынға ұшыраса, олардың ұрпақтары да қуғын-сүргінге түскені белгілі. Бірақ  билік әлі күнге дейін аяулы Алаш азаматтарына қатысты құжаттарды құпия ұстап келеді. Ел үшін шаһид болған қазақ интелегенттері жайлы жазылған құжаттарды әлдеқашан жария қылатын уақыт жеткен. Қазақтың кілең қаймағын жалмаған қилы заманның қасіретін жастарға жеткізген ғалымдардың айтуынша, құпия құжаттарға әлі күнге жол жабық.

«Алаш қозғалысына байланысты материалдар  әлі күнге толық ашылған жоқ. Менің зерттеуші ретінде арманым - Алаш сотына байланысты  тергеу материалдарын ешқандай бөліп-жарусыз көп томды кітап түрінде жарық көруге тиісті. Біз соны атқара алмай келе жатырмыз. Осы тұрғыдан алғанда Үкімет бізге көмек берсін. Жабық қорларды ашып берсін. Зерттеушілердің қолына берсін. Ол жерде ешқандай мемлекетке зиян келтіретін құпия нәрсе жоқ», - деді  тарих ғылымдарының докторы, академик Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ.

Ғалымның айтуынша, тергеу құжаттарын ашып көрсетуден Ресей алда келеді. Биыл Алашорда үкіметінің 100 жылдығы елдің әр аумағында шағын конференция түрінде өтіп, монаграфиялар жарық көрген. Бірақ жалпы ұлттық деңгейде аталып өтілген жоқ.