Алматыда жалға берілетін пәтерлер мен үйлер жаппай тексеріледі

Алматыда жалға берілетін пәтерлер мен үйлер жаппай тексеріледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қылмыстың үштен бір бөлігін кірмелер жасайды. Сондықтан жақын күндері қалада жалға берілетін баспаналар жаппай тексеріледі.

Тұрақты мекені мен жұмысы жоқтарға бақылау екі есе күшейтілмек. Өйткені, полиция дерегінше, қоғамда болып жатқан жантүршігерлік қылмыстардың басым бөлігін дәл сол жұмыссыз жүргендер жасайды. Алып шаһардағы қауіпсіздікті әрмен қарай күшейту үшін, бейнебақылау камераларының саны артпақ. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының қоғамдық кеңесінде мәлім болды.  

Денис Теннің өлімінен соң Алматының қауіпсіздік мәселесін қайта-қайта қаузаған Қоғамдық Кеңес мүшелері бүгін тағы бас қосты. Өткен жиынға келе алмаған қаланың бас полицейі мен прокуроры да бар шаруасын ысырып қойып, осы жерден табылды. Әуелгі сөзді алған шаһар басшысы Бауыржан Байбек кей қылмыстың дер кезінде ашылмауы кесірінен қоғамда үрей туып, азаматтардың қауіпсіздікке алаңдап отырғанын жасырмады. Дегенмен, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірталай жұмыстың атқарылып жатқанын баяндады. Соңғы үш жылда Алматының Ішкі істер департаментінің жұмысын жақсарту үшін 31 миллиард теңге бөлінген. Соның арқасында полицейлер 90 пайызға дейін жабдықталған.

«Ішкі істер департаментінің қажеттіліктері үшін 3 500 сандық рация, GPS навигациясы бар 389 қызметтік көлік, 106 автомобиль радиостанциясы сатып алынды. Бұл полицейлердің жұмысын және қаладағы тәртіпті бақылауды жақсартады. Жыл соңына дейін біз тәртіп сақшыларын 100% планшетпен және электрондық хаттамалар толтыруға арналған принтерлермен жабдықтаймыз. Қазірдің өзінде 200 экипаж пилоттық режимде планшетпен жұмыс істеуде. Бұл сыбайлас жемқорлықты азайтады», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Полицейлердің материалдық жабдықтарын жақсартуға қала билігі тарапынан айрықша көңіл бөлінгенімен, Алматыда қылмыс азаймай тұр. Бүгінде елімізде болып жатқан құқықбұзушылықтың 20%-ы дәл осы шаһарда тіркелетін көрінеді. Ал, қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың 31%-ы басқа өңірден келгендер немесе шетелдік азаматтар екен. Сондықтан жақын күндері қалада жалға берілетін пәтерлер мен үйлер жаппай тексеріледі. Ал онда тұратын тұрақты жұмысы жоқ азаматтарға бақылау екі есе күшейтілмек. Өйткені, қоғамда болып жатқан жантүршігерлік қылмыстардың 83 пайызын жұмыссыздар жасайтын көрінеді.

«Қалаға жұмыс істеуге келіп, уақытша тұрып жатқан адамдар туралы ақпарат алу үшін үнемі жедел бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Біз жалға алынған пәтерлерді, қонақ үйлерді, жатақханаларды және басқа нысандарды тексереміз. Жалға берілетін пәтерлердің тізімі де қолымызда бар. Бұл тексеріс жұмыстарын алдағы күндері тұрақты негізде әлі де күшейтеміз», – деді Алматы қаласы ІІД басшысы Серік КҮДЕБАЕВ.

Көші-қон көрсеткіші өте жоғары ірі қалада қауіпсіздік мәселесі де өзекті. Соңғы 5 жылда қала аумағы екі есеге ұлғайғанымен, полицейлердің саны әлі күнге артпаған. Ал бұл мәселені шешу үшін цифрландыру бағдарламасы белсенді қолға алынған. Осыдан үш жыл бұрын қалада 64 мың бейнебақылау камерасы болса, қазір бұл сан 118 мыңға бір-ақ жеткен. Қауіпсіздік камераларының көмегімен былтыр Алматыда 21 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық пен 20 мың жол ережесін бұзу дерегі анықталса, 1218 қылмыстың ізі суымай ашылған.

«Ішкі істер департаментіне 400-ге жуық қызметкер жетіспейді. Оның ішінде, жергілікті полиция қызметі 100-ге жуық сақшыға зәру. Тергеушілердің 80 пайызының еңбек өтілі 3 жылдан 5 жылға дейін жетіп отыр. Тәртіп сақшыларының жетіспеушілігіне олардың тарапынан болатын заңбұзушылық та әсер етіп отыр. Биылдың өзінде 49 полицей тәртіп бұзғаны үшін жұмысынан қуылды. 40 сақшы қылмыс жасады, оның 26-сы жемқорлық үшін істі болды. Тұтастай алғанда, Алматы қаласының ІІД қызметкерлерінің 20%-ы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деді Алматы қаласының прокуроры Берік ЖҮЙРІКТАЕВ.

Енді қол астындағы қызметкерінің жемқорлық жасағаны және төмен көрсеткіш көрсеткені үшін басшылар да жұмысынан босатылуы мүмкін. Бұл еліміздің Ішкі істер қызметін реформалау жұмыстарына енгізілген өзгеріс негізінде белгілі болмақ. Қазір арнайы топ полицейлер қызметін оңтайландыру бағытында жұмыс істеп жатқан көрінеді. Олар Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі жолдаған 20 шақты ұсынысты да қарап жатыр екен.

«Мемлекет басшысының 30 мамырдағы Қауіпсіздік кеңесіндегі тапсырмасына сәйкес, 3 жұмыс тобы құрылды. Бұл жұмыс топтары құқық қорғау және сот жүйелерін жаңғыртумен айналысатын болады. Қарулы күштер құрылымын реформалау – аса күрделі процесс. Бұл процесс терең талдауға негізделуі тиіс. Прогресс бір орында тұрмайды. Кеше тиімді болған нәрсе бүгін қажетсіз болуы мүмкін. Қоғамдық кеңес мүшелеріне айтқан ұсыныстары үшін алғыс айтамын», – деді ҚР Президенті әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алексей КАЛАЙЧИДИ.  

Алматыны қауіпсіз қала ету – қаланың «Алматы–2020» даму бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан осы мақсатта алда талай жүйелі жұмыстар атқарылмақ. Тас жолдағы тәртіптен бөлек, аулалардағы қауіпсіздікке де ден қойылмақ. Жоспарда тас қараңғы аулаларды жарықтандырып, бейнебақылау орнату да бар.


Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров