Алматыда Панфилов көшесі жаңартудан кейін қайта ашылды

19.09.2017 21:38

¤Алматыда жүргіншілерге басымдық беретін Панфилов көшесі жаңартудан кейін қайта ашылды. Енді халық Абай атындағы опера және балет театрынан бастап Жібек жолы көшесіне дейінгі аралықта пайда болған жаңа саябақта серуендей алады. Есте болса, ол маңда 350-ден астам көлікке шақталған тұрақ болған еді. Ал бұдан былай көшенің көп бөлігі қаңтарылған темір тұлпарларға емес, тұрғындарға беріледі. Қазір мұнда 2 құрғақ субұрқақ жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, ерекше стильде ағаштан жасалған отырғыштар мен 5 ойын алаңы орнатылған. Түнде жарық әрі қауіпсіз болуы үшін 178 көше шамдары қойылыпты. Жасалған жұмыстарға мердігер мекеме 2 жыл көлемінде жауапты болмақ. Ал мамандар мұнда 22 мың шаршы метрден астам аумаққа граниттен жабын төсепті. Ол басқа материалдарға қарағанда үгіліп кетпей, ұзақ жылдар бойы өз қалпын сақтайды деп отыр. 

«Мемлекеттік экспертиза біздің қаржымызды тексерген. Негізі 8 млрд па сондай ақша кеткен. Бірақ қазіргі құрылыс әлі біткен жоқ. Әлі түгелімен берілген жоқ. Неге? Біздің әлі 1702 егетін ағаштарымыз бар. Мына жерде ең қымбат тас. Ол негізі гранит. Бұл қаржы неге қымбат деп көбісі ойлап жатыр, бірақ біз оны қолдануына қараймыз. Баяғы асфальт 5 жылдан кейін қопарылып кетеді да, сынып қалады», - деді¤ Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Алмасхан АХМЕТЖАНОВ.

Сондай-ақ, қаланың ажарына ажар қосу үшін бұл маңдағы нысандардың сәулеттік келбеті бір қалыпқа келтірілген. Ол үшін 11 үйдің кіреберісі мен 14 ғимараттың 1 қабаттағы кіретін есіктері қайта жөндеуден өткен. Еске сала кетейін, осыдан 2 апта бұрын «Астана» алаңы қайта жөндеуден кейін халықтың игілігіне берілген болатын. Биыл Алматыда көшелерді жөндеуден бөлек, жол, су мен жылу желілерін жаңалауға баса назар аударылуда. Жұмыстар қыркүйек айының аяғында аяқталады.

¤«Биыл біз жол көлік пен инженерлік желілерді жаңартуға басты назар аудардық. Оның дәлелі, 200 шақырым жол тегістелді. 600 шақырымнан асып жығылатын су, жылу мен кәріз құбырлары жөндеуден өтті. Мәселен, бір ғана жаңартылған 200 шақырым су желісі 175 мың үйді қамтамасыз етеді. Біздің қалада көліктерге де, жүргіншілерге де бар жағдай жасалуда. Қаладағы тарихи орындарды назардын тыс қалмады. Жөндеу жұмыстары аяқталғандары халықтың қолданысына беріледі», - деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Тимур БАЗАРБАЕВ.