Кәмелет жасқа толмағандар ата-анасыз, жақындарынсыз діни құлшылық рәсімдеріне қатыса алмайды. Бұл туралы еліміздің дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мәлімдеді. «Діни қызмет және діни бірлестіктер» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында осындай норма қарастырылған. Ведомства мамандары құлшылық орындарына барған кезде қасына ересек ермеген жасөспірімді деструктивті діни ағым өкілдері өз қатарына тартып алуы мүмкін деді. Сондай-ақ, отбасында көбіне баласының құлшылық етуіне ата-ананың біреуі қарсы болады екен. Бұл өзгерістер аталмыш мәселені ақылдаса отырып шешуге септігін тигізбек дейді.
«Ата-анасының біреуінің еріп баруы міндетті. Бауырларының, жақындарының. Жақындарына не кіреді? Кәмелетке толған жақындары. Ол бауырлары болады, әпкелері немесе ата-әжелері болады. Немесе заңды өкілдері. Заңды өкілдері, ата-анасы. Солармен бірге бара алады»,-деді ҚР дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі, Берік АРЫН.
Сондай-ақ, Берік Арын министрлік сүндетке отырғызу рәсімін ақысыз етуге ниетті деді. Оның айтуынша, ғұрыпты діни әрі медициналық шараларға жатқызуға болады.
«Әзірге біз жұмыс деңгейінде сүндетке отырғызуды ақысыз медициналық қызметтер тізбесіне қосуды талқыладық. Біз осындай пікірдеміз және бұл ұстаным талқылаудың бастапқы кезеңінде. Сүндетке отырғызу рәсімі туралы біздің заңнамада белгілі бір нормалар жоқ. Біздің ойымызша, осы мәселеде тек діни құрамдауыш қана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесі де қамтылған»,-деді ҚР дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі, Берік АРЫН.
Бұдан басқа вице-министр дінге сенбеушілер немесе талабын толығымен орындамаушылардың құқығын қорғайтындарын айтты. Ведомства сондықтан, сенушілердің арасында радикалдану үрдісімен күресуге кіріскен. Енді «сен дінге сенбейсің», «сен мұсылман емессің», «сен діннің өкілі емессің» дейтіндер де жазаға тартылуы мүмкін. Жалпы, заң жобасында 12 заң актісіне шамамен 50-ге жуық түзетулер мен толықтарулар енгізілетін болады.