Алматының тарихи орталығындағы көшелердің жөндеу жұмыстары қала күнінің қарсаңында аяқталады. 17 қыркүйектен бастап тұрғындар жүргіншілерге басымдық беретін Қабанбай батыр, Панфилов, Жібек жолы, Гоголь көшелері мен «Астана» алаңында жүре алады. Бұл аумақтар қалай түрленіп жатқанын және жұмыстың орындалу қарқынымен қала әкімі Бауыржан Байбек танысты. Жұмысшылар жаз басталғалы бұл жерлерге инженерлік желілерді ауыстырып, ғимараттардың сырттарын жаңартыпты. Әрі гранит тастар төсеген. Тек орындықтар орнату, спорт және балалар ойын алаңын жасау, жарықтандыру және жасыл желекпен көмкеру сынды жұмыстар ғана қалыпты. Атап өтерлік жайт, мамандар биыл ағаш отырғызуды күзде бастауды ұйғарыпты. Бұл желектің жайқалып өсуіне септік ететін көрінеді. Отырғызылатындар тамырын жайған қайың, терек, емен сынды ағаштар екен. Барлығы 330 мың шаршы метр аумақ жасылдандырылмақ.