Ресейде отандық автобус пойызбен соқтығысты

07.10.2017 в 02:46

Салдарынан 17 адам қаза тауып, 5 жолаушы жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілген. Бұл – ресми органдар нақтылаған соңғы ақпарат. Қаза тапқандардың арасында 1 отандасымыз бар. Мұны еліміздің сырты істер министрлігі растады. Сондай-ақ, ауыр жарақат алғандардың ішінде 2 баланың бары айтылады. Дәрігерлер «олардың жағдайы тым ауыр», - деп отыр. Осы тұста, отандық автобусты тізгіндеген Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы тергеліп жатыр екен. Ол апатқа айыпты ретінде сұрауға алынған. Құқық қорғау органдары жантүршігерлік жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғап, автобустан не себепті ақау шыққанын анықтауға кіріскен.

Бүгін таңға жуық 50-ден астам жолаушысы бар автобус Санкт-Петербургтен Нижний Новгородқа бет алған пойызбен соқтығысты. Жолаушылар мен бірге екі қазақстандық жүргізуші болған. Бірақ, өкінішке орай, оның біреуі оқиға орнында қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, қазақстандық нөмірі бар автобус пойыз өткелінде тұрып қалған. Жолаушылар көлікті итермек болғанымен, оның соңы қайғымен аяқталды. Салдарынан 17 адам көз жұмып, ауыр жарақат алған 5 адам ауруханаға жеткізілді.

¤«Кейбір жолаушылар көліктен шығып, оны орнынан қозғамақ болған. Бірақ автобустың жағдайына қарайтын болсақ, қозғалтқышы істен шыққанда, оның тежегіші бұғатталып қалады. Сол себепті оны орнынан қозғалту бос әурешілік. Дәл осы адамдар апаттан аман қалып, темір жол өткелінен қашып үлгерген», - деді РФ ТЖМ Вдладимирск облысы бойынша басқарма басшысы Александр НОВИКОВ. 

¤«Зардап шеккендер Покров қаласының орталық ауруханасына жеткізілді. Медициналық көмекке мұқтаж болмағандар осы қаладағы уақытша ұйымдастырылған арнайы орынға орналастырылды. Қазір Владимирск облысында жедел желі құрылып, қаза тапқандар мен зардап шеккендерді тану жұмыстары ұйымдастырылды», - деді РФ ТЖМ Владимирск облысы бойынша баспасөз қызметінің жетекшісі¤ Екатерина МИЩЕНКО.

Еліміздің сыртқы істер министрлігі берген мәлімет бойынша, көлікте болған 55 адам - Өзбекстан елінің азаматтары. Олар Владимирск облысында жалданып жұмыс істеген көрінеді. Қазақстандық нөмірі бар көліктің кімге тиесілі екені де белгілі. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында Досжан Разгельдиевтің атына берілген.¤¤

Апаттан кейін, тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнын тергеушілер қарап, сот-медициналық сараптама тағайындаған. Уақытша құрылған орынға қазір 34 адам орналастырылыпты. Олармен психологтар жұмыс істеуде. Осыдан кейін Ресей мемлекеттік думасының депутаты Виталий Ефимов алыс жолға шығатын бағыттарға тыйым салу туралы мәселе көтерді. Айтуынша, жүргізуші шаршағандықтан, соңы қайғылы жайттарға ұласады. Қазір темір жол желісінің бір бағыты штаттық режимде жұмыс істеуде. Екіншісі апат салдары тазартылғаннан кейін іске қосылады.

 Азамат Әуезхан, Олжасбек Мәден, «Алматы» телеарнасы Астанадан