Ресейлік ғарышкерлер Қазақстанға ғарыштан құттықтау жолдады

23.05.2018 22:21

V халықаралық "KADEX-2018" көрмесі аясында өтіп жатқан "Қазақстандағы ғарыш күндері – Қазғарыштың 25 жылдығы" халықаралық форумында ресейлік ғарышкерлер Қазақстанды  мерейтоймен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазғарыштың 25 жылдығына арналған пошталық маркасын пошталық штемпелімен өшіру салтанаты болды. 

Халықаралық ғарыш станцияның 55-ші экспедициясының мүшелері Антон Шкаплеров пен Олег Артемьев ғарыштан Қазғарыштың 25 жылдығына орай құттықтау жолдады. 

"Қымбатты әріптестер мен достар! Біз Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш  өнеркәсібі министрлігі аэроғарыш комитетінің ұжымын, ғарыш саласында істейтін барлық қызметкерді Қазғарыштың 25 жылдығымен  құттықтаймыз. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының және Ресеймен етене ынтымақтастығының арқасында "Байқоңыр" ғарыш айлағы жаңа мәртебе ие болды. Бүгінде "Байқоңыр" Қазақстан, Ресей және басқа да елдердің ғарыш ведомстволарының өкілдері бірге жұмыс істейтін халықаралық ғарыш айлағына айналды", — деді Артемьев. 

Ресейлік ғарышкерлер 25 жыл ішінде Қазғарыш елеулі нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.

"Бүгінде мұнда заманауи ғарыш жүйелері, ғарыш аппараттары жасалып, жұмыс істейді. Біз ғарышты бағындырған үш әріптесіміздің Қазақстан өкілі болғанына қуаныштымыз. Олар  Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов. Қазақстан біз, яғни  ғарышкелер үшін ерекше ел. Ал Байқоңыр біздің екінші үйіміз. Ресейліктер мен қазақстандықтарды ғарыш жақындастыра түседі", — деген Шкаплеров қазақстандықтарға бейбіт өмір мен биік асулар тіледі.

Айта кетсек, 23-26 мамыр аралығында Астанада халықаралық әуежайдың әскери секторы аумағында мерейтойлық V халықаралық "KADEX-2018" қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі өтеді. Көрме алғаш рет  ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қамқорлығымен ұйымдастырылып отыр. Көрмеде әлемнің 28 елінен 318 кәсіпорын өз өнімдерін көрсетеді, оның ішінде Беларусь, Бельгия, Болгария, Бразилия, Германия, Израиль, Үндістан, Испания, Италия, ҚХР, Нидерланды, РФ, АҚШ, Сербия және тағы басқа елдер бар. 

Биыл көрмеде 10 павильон жұмыс істейді, олардың ішінде: Түркия, Қытай және Ресейдің 3 жеке павильоны, қазақстандық "Қазақстан инжиниринг" ҰК" АҚ, "Қазақстан Парамаунт инжиниринг" ЖШС, "Қазтехнология" АҚ кәсіпорындарының павильондары, одан бөлек ғарыш қызметіне арналған павильон алғаш рет қойылып отыр.