Бір аптада 3 көлік ұрлаған баланың ата-анасы қомақты шығын төлейді

14.08.2018 16:19

Оралда бір аптада үш көлік ұрлаған баланың ата-анасы темір тұлпар иелерінің шығынын өтеуге мәжбүр, деп хабарлайды Sputniknews.kz сайты «Мой город» өңірлік басылымына сілтеме жасап.

Алғаш рет бала Suzuki көлігін айдап әкетіп, жеңіл-желпі жол апатына түсті. Бұл авто иесіне ата-анасы 100 мың теңге төлейді.

Екінші жолы, яғни үш күн өткен соң жеткіншек Toyota микроавтобусын ұрлап кетті. Сол кезде көпірдің бетон тіреуіне соғылып, ұсталған еді. Бұл жерде шығын көлемі – 300 мың теңге.

Үшінші рет балақай Hyundai көлігін айдап әкетіп, бетон блоктарға соғылып қалды. Бұл темір тұлпардың иесіне 1 миллион теңге төленуі тиіс.

«Бала кілтін көліктің ішіне тастап кеткен жүргізушілердің салғырттығын пайдаланған. Коля жап-жақсы бала, мектепте оқиды, толыққанды отбасыдан шыққан. Әкесі – 30 жылдық тәжірибесі бар шопыр. Тұрмыстық жағдайлары да жаман емес. Компьютері, планшеті, оқу үстелі бар», – деп мәлімет берді Орал қаласы ІІД ЖПҚ басшысы Мүслім Жәрдемов.

Әкесінің айтуынша, балақай көліктерге қатысты компьютерлік ойындарға әуес көрінеді.

«Планшетте үнемі автобус, жүк көліктері бар ойындарды ойнап отырады. Автокөліктердің бүкіл маркасын біледі. Кез келген жерге тұраққа қоя алады. Автобус жүргізуші болған кезімде, қасымда бәрін бақылап отыратын. Бәлкім, көліктерге деген ықыласы қанмен берілген шығар. Бұрын мұндайы жоқ еді. Екі аптада адам танығысыз өзгеріп кетті», – дейді ер адам.

Көлік ұрлау деректері бойынша ҚР ҚК 140-бабы «Кәмелеттік жасқа толмаған балаларға дұрыс тәрбие бермеу» бойынша қылмыстық істер қозғалды. Істі кәмелеттік жасқа толмағандардың істері бойынша комиссия мектеп директоры және психологтармен бірге қарайды.

Баланың бұдан бұрын үйінен қашып кеткені анықталды.