Өзбек азаматтары өртенген автобус жүргізушілерін қатаң жазалауды сұрауда. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотта 52 жолаушысы тірідей жанып кеткен автобус ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті.
Отырысқа жәбірленуші жақтан өзбекстандық 19 азамат қатысты. Олар сот барысын Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының залынан тікелей эфир арқылы қарады.
Әуелде сотқа қатысу үшін Ақтөбеге ат басын тіреген топ, ауылдарына жақын жерге орналасып, іске онлайн тәртіпте қатысуға шешім қабылдапты. Процеске қатысып отырған 19 өзбекстандық азамат Сарыағаш ауданынан екі адвокат жалдаған. Жәбірленуші тараптың құқығын солар қорғамақ. Мемлекеттік айыптаушы өрттен аман қалған Өзбекстан азаматтарынан жауапты оқиға болған күні алған. Одан кейін шетел азаматтары тергелмепті. Ал сотталушылардың туыстары тірі қалған өзбек азаматтарын сотқа шақыруды талап етіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 18-қаңтарда Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 шақырым қашықтықта, Шымкент – Самара тас жолында жолаушылар автобусы өртенген еді. Автобуста 57 адам болған, олардың 52-сі қаза тапты. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан Республикасының азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған. Жүргізушілер «Көлік құралын пайдалану ережесін бұзды» деп айыпталып, қаңтар айынан бері қамауда отыр.