Алмалы аудандық ХҚКО-ның басшысы қызметінен босатылды

Алмалы аудандық ХҚКО-ның басшысы қызметінен босатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық тұрғынның жеке дерегі үшінші адамға жария болғаннан кейін Алмалы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жауапты жұмыскері ғана емес, басшысы да қызметінен кетті.  Бұл туралы бүгін Әдеп жөніндегі кеңес отырысында мәлім болды. Жеке деректі үшінші тұлғаға заңсыз жолмен беру факті қазір құқық қорғау органдарымен тексеріліп, материалдар прокуратураға жіберілген. Қалалық департамент директорының міндетін атқарушы Әсел Мамажанованың сөзінше, қызметкерлермен жеке құпияны сақтау туралы түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Еске салайық, өткен аптада Алматы тұрғыны өзінің жеке дерегі өзге тұлғаға рұқсатсыз берілгенін egov сайтындағы жеке кабинеті арқылы әшкерелген болатын.  

«Қазіргі уақытта Алмалы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы қызметінен босатылды. Оның орнына директордың міндетін атқарушысы болып департамент орынбасары Төленов Ерлан Сұлтанұлы қызмет етуде. Ол туындаған мәселелерді толық шешеді деген ойдамын. Егер штат жетіспей жатса, басқа бөлімдердің кестесін қарап көреміз», - деді Алматы қаласы халыққа қызмет көрсету орталығы Департамент директорының міндетін атқарушы Әсел МАМАЖАНОВА.

Сондай-ақ қоғамдық кеңесте мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытын тиімді пайдаланбауы сөз болды. Қалалық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жүргізген сауалнамасы бойынша, қызметкерлердің 56 пайызы жұмысқа кешігіп келетіні анықталған. Кейбір атқарушы органдардағы ақ жағалылардың 90 пайызы кешкі алтыдан кейін де жұмыс орнынан табылған.

«Бұған негізгі себеп ретінде қызметкерлердің 40 пайызы - мамандардың жетіспеушілігімен, 28 пайызы - жоғары лауазымды тұлғалардан шұғыл тапсырма түсуімен, 12 пайызы - жұмысты дұрыс ұйымдастырмау себептерімен байланыстырған. Жүргізілген тексеріс барысында кейбір аудан әкімдіктеріндегі қызметкерлердің 90 пайызы жұмыс орнынан табылды», - деді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Алматы қаласы бойынша департаментінің бас маманы Марат ДОСЫМБЕК.


Новости партнеров