Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметтен кетті

02.11.2017 21:56


Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметтен кетті. Бүгін қала басшысының орынбасары Мұрат Дәрібаев Уәлихан Ахметовке алғысын айтып, атқарылған жұмыстарына тоқталды. Қала басшылығы соңғы екі жыл аралығында медицина саласы қарқынды дамығанын айтты. «Мегаполисте бала өлімі 2 жарым есеге азайған, жеке клиникалар бой көтеріп, екі ауруханаға тікұшақ алаңы салынды», - деді әкім орынбасары. Сонымен қатар, жедел жәрдем паркі жаңа 40 машинамен толықты, оған қоса 9 денсаулық сақтау нысаны тұрғызылды. Ал 4-ші қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінде  сырқатқа кешенді көмек көрсететін «Emergency room» жобасы жүзеге асты. Нәтижесінде, қызмет көрсету уақыты 3,5 есе қысқарып, тұрғындарды қабылдау мүмкіндігі 3 есе өскен. Одан өзге, Алматы «Сау қалалар» қатарына ТМД елдері арасында бірінші болып қосылды.  

«Қаланың денсаулық сақтау басқармасына алғысымды айтқым келеді. Универсиада кезінде медиктер өздерінің мықтылығын көрсетті. Алматыда аталған сала дұрыс жүйемен жұмыс істеп келеді. Оған дәлел, репродуктивті жаңа институттың ашылуы, кезек мәселесін шешуге арналған арнайы бағдарламаның енгізілуі, т.б. Сонымен қатар, туберкулёзге шалдыққандарды амбулаториялық жолмен емдеу 2 есе өсті, соның арқасында осы сырқаттан қайтыс болатындар саны 36%-ға төмендеді.Тыныс алу органдары ауруларынан, грипптен, жұқпалы және басқа да ауру түрлерінен қайтыс болатындар қатары  азайды. Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу бойынша қарқынды жұмыстар  іске асты. Қалада бүгінгі  күні 1 млн. 800 мыңнан астам адам медицина ұйымдарында тіркелген. Қазір енді, денсаулық сақтау министрлігі тапсырған жұмыстарды аяғына дейін жеткізу жоспарда тұр», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары  Мұрат ДӘРІБАЕВ.