Балабақшаға кезекке тұру толық автоматтандырылады. Яғни, еліміз бойынша бір ғана стандарт енгізіліп, ортақ база жасақталады. Бұған дейін ата-аналар мекен-жай ауыстырғанда сол жерге барып қайтадан тіркелетін. Бұдан былай бұл міндетті емес. Сондай-ақ кезек балалардың жас ерекшелігіне қарай ортақ болады. Бұл стандартқа мемлекеттік және мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін бөбекжайлар да кіреді. Жаңа стандартқа көшу Алматы қаласында 25-қаңтарда басталады. Мектепке дейінгі мекемеге жолдама беретін кез мамыр-маусым айлары болғандықтан сол кезге дейін ата-аналар толық ақпараттандырылуы тиіс. Ал ғаламтормен жұмыс істей алмайтын азаматтар үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе аудандық білім бөлімінің мамандары қызмет көрсетеді.
«2012 жылдан бастап Алматы қаласында балалар автоматтандырылған кезекте тұратын. Бірақ ол жерде жолдама алған кезде жолдаманы біз қолмен беретінбіз. Ал енді республика бойынша бір стандарт. Бұл жерде ата-ана өзі кезекке қояды. Өзі қарап отырады. Өзі жолдама алады. Ата-ана білім басқармасының мамандарымен қатынасы жоқ. Коррупция болмайды бұл жерде», - деді Алматы қаласы білім басқармасы мектепке дейінгі бөлімінің басшысы Әлия САҒИЕВА.