Халықаралық мейірбикелер күні. Сырқатына шағымданып келген науқасқа сөзінің тәттісін, көзінің жақсысын аямайтын жандардың кәсіби мейрамы. Күнделікті өмірде еңбектері көзге көрінбесе де, санитар қызметкерлерінсіз медицина саласын елестету қиын.
Уәсила Хадимқызы - Ұлы Отан соғысының ардагері. 90-ға таяған кейуана сұрапыл майданға небәрі 17 жасында мейірбике болып, жаралы әскерлерге медициналық алғашқы көмек көрсеткен. Қан қасаптың арасында бас-аяғы болып, елге дін-аман оралады. Соғыс жылдары Сталинград қаласындағы госпиталдардың бірінде талай боздақтардың жанын арашалап қалған қарт ғұмырын ақ халатты абзал жанның жолымен өткеніне еш өкінбейтін көрінеді.
«Бірінші көмек көрсетуге үйреткен. Бомбылағанда үй астында қалған өлген кісілерді, тірі кісілерді шығаруға көмектестік. Жедел жәрдемге тасыдық зембілмен. Солай талайды көрдік», - деді ҰОС ардагері, ардагер медбике Уәсила ӘБДРАХОВА.
Қазір қарт ана 4 баланы дүниеге әкеліп, шөбере сүйіп отырған жайы бар.
Халықаралық медбикелер күні. Бұл айтулы мерекенің Айжан Үмбетқызы үшін орны ерекше. Алматы онкология орталығында еңбек етіп жүр. Науқастың жанына дауа, тәніне шипа болып, бар мейірімін төгіп жүргеніне 30 жылдың жүзі болыпты.
Науқас осы жерге операцияға түскенде алдын ала бәрін түсіндіп айтамыз. Қандай қиыншылық болатындығын, артынан жазылып кететіндігін, бәрін науқасқа түсіндіріп, жеткізуге тырысамыз. Медицина саласында жүргеннен кейін қиыншылықтар болады. Біз осы мамандықты таңдаған кезде қандай мамандыққа келе жатқандығымызды білдік», - деді медбике Айжан АБНАЗАРОВА.
Мейірбикеге мұқтаждық 19 ғасырда пайда болған екен. Соғыс заманында медициналық көмекшілер жараланған жауынгерлерді ұрыс алаңынан қауіпсіз жерге әкеліп, жәрдем беруге міндетті болып саналған. Енді бүгінде ешбір емхананы мейірбикесіз елестету мүмкін емес.
Назкен Байтілес, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы