|
20.07.2017 | 10:28
2693

Алматыда 1-ші тамыздан бастап жол ақысы қымбаттайды

Алматыда 1-ші тамыздан бастап жол ақысы қымбаттайды

Алматыда 1-ші тамыздан бастап жол ақысы 150 теңгеге қымбаттайды. Бұл - қоғамдық көліктерде қолма-қол төлем жасайтындарға белгіленген құн. Ал, «Оңай» картасы бар жолаушылар бәз қалпынша 80 теңгемен қатынайды. Сондай-ақ, метроның да жол жүру құны  80 теңге болып қала бермек. Айдана Мейрамбайқызы жаңа өзгерістер туралы айтады.

Келер айдан бастап қоғамдық көліктерде қолма-қол ақша төлейтін алматылықтар бір билетті 80 емес, 150 теңгеге сатып алатын болады. Бұл - жолаушылардың электронды төлем жүйесіне жаппай көшуіне түрткі. Сөйтіп, жауаптылар көлеңкелі бизнеспен мықтап күресуге білек сыбанады. Нәтижесін берсе, жиналған қаржының бір бөлігін қалтасына басатын кондукторлар мен жүргізушілер айла асыра алмайды. Жаңа тариф қаладағы қоғамдық көліктердің барлығына бірдей бекітіледі. Тек, метрода ғана жол жүру құны өзгеріссіз қалады.

«Біздің ойымызша 1 тамыздан бастап дифф тариф енгізіледі. Метроның бағасы 80  теңге болады, ол көтерілмейді. Өйткені, метро автокөлік заңына келмейді. Қоғамдық кеңестен кейін біз әкімнің постановлениесін юстицияға енгіземіз. Одан кейін, юстиция оны тіркеген соң 10 күннен кейін ол күшіне енеді»,- Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары, Бекзат БЕКІШЕВ.

Десе де, жаңа бастама толық күшіне енуі үшін соңғы шешімді қоғамдық кеңес мүшелері қабылдайды екен. Олардың тең жартысы бір реттік төлем құнының көтерілуін құптаса, ендігілері 150 теңге халықтың қалтасына соққы деп кесіп айтты. Бұл ретте жауаптылар қаладағы жеңілдігі бар жолаушылар бұрынғыдай арнайы карталарымен төлем жасайтынын жеткізді. Демек, 150 теңге тек «Оңай» картасы жоқ туристер мен қала қонақтары үшін бекітілетін болады.

«Дифф тариф дегеніміз 150 теңге, ол жай бір кез-келген сан. Ол 200 болуы мүмкін еді жай ынталандыру үшін. Ал, жалпы біздің есебіміз 149 жарымның ішіне кіретіні - оның ішіндегі жанармайы бар, 30 пайызы жалақы, көлік жаңартуы. Үкіметпен бекітілген методикасы бар өзінің, сол бойынша дайындалған есеп. Әкімшіліктің ұсынысы бойынша, түскен 150 теңгеден жүргузішіні ынталандыру үшін 50 теңгесі жүргізушіге беріледі. Сонымен, оның жалақысы көтерілетін болады»,- деді  «Алматы қалалық жолаушыларды тасымалдау кәсіпорындарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің  жетекшісі, Сәбит АМАНБАЕВ.

Қазіргі уақытта қалада жолаушылардың 70 пайызы қоғамдық көлікте жол ақысын «Оңай» картасымен төлесе, қалғаны қолма-қол есеп айырысады екен. Бір реттік жол құны қымбаттаған соң, тасымалға жауаптылар жолаушылар ағынын нақты есепке алмақ. Әрі, көлеңкеде жатқан 6 млн теңгеге жуық қаржыны жарыққа шығармақ.

«Қазір қаладағы қоғамдық көліктерде жол ақысынан күн сайын 25 млн теңге көлемінде табыс түсіп отыр. Жаз мезгілі болғандықтан, біздің студенттер, оқушылар, оларды сабаққа апаратын ата-аналары қоғамдық көлікпен жүріп жүрген жоқ. Ал, басқа мезгілдерде күнделікті табыс 33 млн теңгеге дейін жетеді. Бірақ, бір реттік төлемді 150 теңгеге көтергенде біз көлеңкеде жатқан 25 пайыз ақшаны жарыққа шығарамыз. Осылайша, жол ақыдан түсетін күнделікті қаржы 45 млнға дейін жетеді»,- деді «Алматы қаласы көлік холдинігі» ЖШС директоры, Садир ХАМРАЕВ.

Алматы қаласы көлік холдингінің пайымдауынша, бір реттік төлем 150 теңгеге көтерілгенде "Оңай" картасын қолданушылардың қатары 98 пайызға дейін артады. Қалған 2 пайызы, қоғамдық көлікке жиі бас сұқпайтындар болмақ. Айта кетсек, қалада "Оңай" картасымен орта есеппен күн сайын 480 мыңға жуық транзакция жүргізіледі екен. Ал, электронды карта іске қосылғалы бері бір жыл ішінде жасалған транзакция көлемі 174 млн-нан асып жығылады.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шукіралиев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир