Биыл Қазақстанда көмір тапшылығы болмауы тиіс. Өткен жылғы қолдан жасалған жағдай қайталанбауы қажет. Бұл сұрақты бүгін Үкімет отырысында Бақытжан Сағынтаев көтерді. Қол астындағыларға қатаң ескерту жасап, Энергетика министрлігін сынға алды. Жылыту маусымын тілге тиек еткен шенділер жергілікті билік өкілдеріне білім ошақтарын күзге дейін дайындауды тапсырды.
«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, Бақытжан Сағынтаев әңгіменің әлқиссасын жылыту маусымымен бастады. Өткен жылы орын алған көмір тапшылығы қолдан жасалғанын да жасырмады. Тонналап экспортқа шығып жатқан тас көмірдің қара халыққа жетпеуі мүлде орынсыз екенін атап өтті. Осы тарапта тиісті министрлер мен орынбасарын бұл жағдайды бақылауда ұстауларын тапсырды.
«Қанат Алдабергенұлы, бұл мәселеге баса назар аударып, тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырамын. Тимур Мұратұлы, көмір бағасының негізсіз өсуі мен алыпсатарлық элементтерге жол бермеуді монополияға қарсы шаралар арқылы бақылауды тапсырамын. Бұл жұмысты Асқар Ұзақбайұлы бақылауға алыңыз», - деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Жеңіс Қасымбек жергілікті билік өкілдері білім ошақтарын күзге дейін 100 пайыз жылу маусымына дайындап үлгеру керек - деді. Оның айтуынша, аталмыш тапсырма әкімдіктерге айтылған. Қазірден бастап апаттық жағдайдағы құбырлар жаңартылып, коммуналдық қызмет өкілдері әлеуметті нысандарға жіті назар аударған.
«Жоспарға сәйкес облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне 2018 жылдың 1 қыркүйегіне дейін білім беру нысандарының 100 пайыз дайындығын, 2018 жылдың 15 қазанына дейін барлық коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала нысандарының, тұрғын үйлердің дайындығын аяқтап, автономдық қазандықтарды отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуі қажет», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.
Шенділер ауқымды түйткілдердің басын қайырғаннан кейін, биылдан бастап енгізілген жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне ойысты. Демек, биыл адам саны екі мыңнан асатын 1 мың 62 ауылдық округ өздерінің дербес бюджетін қалыптастыруда. Ал 2020 жылдан бастап ол толыққанды өңір-өңірге енгізіледі. Бұл мәліметпен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бөлісті.
«Дербес бюджетті енгізу ауылдық округтердің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтуге және салықтарды тікелей өз бюджетіне алуы арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін күшейтуге мүмкіндік берді», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.
Жиыннан кейін Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев «Астананың 20 жылдық» мерекесіне орай пікір білдірді. Атаулы датаның шенділер емес, қарапайым халықтың арқаны кеңге салып тойлайтын сәті екенін атап өтті. Бөлініп отырған 19 млрд теңге көлеміндегі қаржы міндетті түрде мақсатымен жұмсалатыны жеткізді. Айта кетейік, мерейтоға 85-ке жуық түрлі іс-шара өткізу көзделіп отыр.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан