Салық кодексі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың жұмысына кедергі келтіреді

17.04.2017 16:33

Салық кодексі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың жұмысына кедергі келтіреді. Оның ішінде, қазба байлықтарды игеру үшін келетін инвесторлар да бар. Геологиялық жұмыстарға қатысты өзге де проблемалар Алматыда өткен «Жер қойнауының жаңа заңнамалық өзгерістерін әзірлеуге қатысты» қоғамдық кеңесте айтылды. Қазір  елдің әр өңірінде  осы жерасты байлығын игеруге қатысты жиындар, қоғамдық талқылаулар  өтіп жатыр. Ішінен іріктеліп алынған, қазба байлықтарды барынша тиімді игеруге мүмкіндік беретін ұсыныстар парламентке жолданады. Қазір бұл салаға лицензия алу  құшақ-құшақ құжатты жинауды, талай елдің табалдырығын тоздыруды қажет етеді. Жерді игермей жатып, зерттеп көру үшін де қыруар салық төлеуге міндеттейді. Сондықтан көптеген компаниялар қазба байлығы бар жерді жалға алғанымен, оны делдалдарға беріп тастайды. Әрі шикізатты өңдейтін өндіріс қуаты да қауқарлы емес.

«Көп ұстасаң салық көбейеді. Сондықтан қолда көп ұстамай барлау жұмыстарын жүргізу керек, қаржы құю керек. Салық кодексінің қазіргі системасы түсініксіз. Болмаса салық салудың  жүйесі экономикалық заңдылыққа қарама қайшы келеді», - деді қоғамдық кеңестің  мүшесі Төлеу ШЕҢГЕЛБАЕВ.

Қоғамдық кеңеске қатысқан мамандар жерасты байлығын игерудің тиімді жолы ретінде Австралиялық модельді ұсынып отыр. Әлемде жерасты қазба байлықтарын зерттеу, бұрғылау жұмыстарына жыл сайын кемінде 11 миллиард доллар бөлінсе, оның тек 11 пайызы Австралия мемлекетіне тиесілі екен. Ал Қазақстанның  үлесі 1 пайызға да жетпейді. Сондықтан ғалымдар, геологиялық зерттеуге қаржы көлемін көбейту және инвестицияға кепілдік керек деп санайды. Әрі қорларды бағалауды халықаралық тәртіпке келтіру, геологиялық ақпараттың ашық болуы мен еліміздегі қазба байлықтардың тізімін қайта жасақтау жұмыстары тұр.