Елімізде Орталық Азия басшыларының саммитін өткізуді ұсынды

28.11.2017 21:04

Қазақстан Орталық Азия басшыларының саммитін өткізуді ұсынды. Бұл «жаңа жаһандық болмыстағы Қазақстанның жаңғыру моделі» атты халықаралық парламенттік конференция барысында айтылды. Еліміздің сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Қазақстанның даму стиліне өзге мемлекеттердің қызығушылығы артып отырғанын атап өтті. Еліміздің тұңғыш президенті күніне орай ұйымдастырылған шарада он бес елдің делегаттары бас қосты.

Ресей, Әзірбайжан, Түркия, Италия сынды ел өкілдерінің басын қосқан аталмыш шарада Қазақстанның даму барысы, сырт елдермен қарым-қатынасы әңгіменің негізіне айналды. Ядролық қарудан бас тарту, ланкестік әрекеттермен күрес, оның ішінде Сириядағы соғысты тоқтату үшін Астананың үлкен алаңға айналуы назардан тыс қалмады. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Президенттің жыл сайынғы жолдаулары ел экономикасын реформалауға, қоғамның рухани дамуына бағытталып отырғанын ерекше атап өтті.

«Барлығын қамтитын «жаңа жаһандық болмыстағы Қазақстанның жаңғыру моделін» іске асыру үшін, халық бірлесе ат салысуы тиіс. Бұл талаптар ең алдымен мемлекеттік қызметкерлерге тікелей қатысты. Оның ішінде заңдық тұрғыда билікті жүзеге асырып отырған депутаттар міндетті түрде бұған қолдау көрсетуі тиіс»,-деді ҚР парламенті мәжілісінің төрағасы, Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.

Ал, еліміздің сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Орталық Азия елдері басшыларының саммитін өткізуді ұсынды. Бейресми форматта ұйымдастырылмақ жоспардағы кездесу көктем мезгіліне жоспарланып отыр. 

«Бүгіндері Орталық Азия кеңістігінде достық пен бауырластық байланыс нығайып келеді. Қазақстан да Орталық Азия елдері көшбасшыларының бейресми кеңес өткізу бастамасын іске асыру үшін барлық көрші елдермен жұмыс істейтін болады. Барша түркі халқына ортақ мейрам «Наурыз» мерекесінде көптен бері бас қоспаған басшыларды жинауға мүмкіндік бар. Аталған отырысты Елбасымыздың төрағалығымен өткізсек деген ойдамыз»,-деді ҚР Сыртқы істер министрі, Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ.

Еңселі жиында, өткен жылғы Түркия елінде болған лаңкестік әрекетте сөз болды. Аталмыш елдің өкілі Ахмет Айдын елде төңкеріс жасауға бекінген белгілі топтардың жолы дер кезінде кесілгенін әрі, жарылыстан кейін хал-жағдайды білу үшін алғаш болып Түркияға Қазақстан Президентінің келгенін айрықша атап өтті. Айта кетейік, басқосу барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың келер жылы көктемде аталмыш елге іс - сапармен баратыны белгілі болды.

«Өткен жылы болған лаңкестік әрекеттен кейін, түркі елдері мемлекеттерінің ішінде Нұрсұлтан Назарбаев бірінші болып елімізге келіп жетті.Бұл екі жақты қарым-қатынастың жылдар өте нығайып келе жатқанының көрсеткіші. Сондықтан, қыркүйек айында белгілі болғандай, сауда мен инвестиция бағытында екі жақты жобаларды іске асыратын боламыз»,-деді Түркия Республикасы ұлы ұлттық жиналысы төрағасының орынбасары, Ахмет АЙДЫН.

Ерекше форматта ұйымдастырылған Парламент Мәжілісінің отырысына ел шенділерінен бөлек, 15 елдің өкілдері қатысты. Одан өзге, АҚШ- ның сарапшылары да бар.  Форумның негізгі мақсаты - әр елдегі реформаның заңдық тұрғыда іске асуы барысымен танысу әрі, тәжірибе алмасу. Айта кетейік, аталмыш бас қосу Тұңғыш президент күніне орай ұйымдастырылып отыр.

Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан