Сарапшылар Президенттің бес әлеуметтік бастамасын талқылады

06.03.2018 01:28

Елбасының үндеуін тыңдаған экономикалық сарапшылар «жаңа бастама әлеуметтік ахуалды одан әрі жақсартуға серпін береді» деген сенімде. Әсіресе, тұрғын үйге қатысты мәселе баспанасыз жүргендердің 90 пайызының мәселесін шешеді. Ал төмен айлыққа қараған жұмыскерлердің салықты 9 есе аз төлеуі - әлсіз топтың әл-ауқатын арттырады, дегенді алға тартуда. «Жұмыс істеймін» деген азаматқа қажетті жағдайдың барлығы жасалмақ. Азаматтарда тек «алға» деген талпыныс боса жеткілікті,  дейді экономист Нұрлан Жазылбеков.

«Бірінші бағыт - тұрғын үй мәселесі айтылып жатыр. Өте күрделі мәселе. Елбасының жолдауында айтылған бүкіл қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесі шешіледі деген сөз. Екіншісі - салық жағы. Бүгінгі күні төмен айлық алып отырғандар көп. Олар 10 пайыздың 1-ақ пайыз салығын төлейді. Қалғаны өздерінің айлығына қосылады деген сөз. Яғни, айлықтары көбейеді деген сөз. Бір отбасында төмен айлық алатын  4-5 адам жұмыс істесе, бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Үшіншісін айтсақ, ол білім жағына бағытталған күрделі, керек нәрсе. Себебі, жастардың біліміне, тұратын жеріне, жүріс-тұрысына, жатақхана болсын, шәкіртақы болсын, оған көңіл бөлу өте керек нәрсе. Төртіншіден, микрокредиттік ұйымдарға көмек көрсету. Соның арқасында кәсіпкерліктің саны көбейеді. Бүгінде жұмыссыз, «не істеймін?» деп жүрген адамдарға кәсіпкерлер палатасы арқылы консультация алып, микрокредиттік ұйымнан кредит алып, өз кәсібін ашса болады. Бесіншісі, газдандыру жұмысы. 9 облысты газбен қамтып, бүкіл еліміздің экологиясын жақсартудың үлкен маңызы бар.  Себебі, Астана болсын, Алматы болсын кейбір аудандарда газдың жоқтығынан, кейбір аудандарда түтін болып отыр. Бұл тек Үкіметтің, парламенттің жұмысы емес. Бүкіл ел болып, осы Елбасының 5 бағытын бірге жүзеге асырсақ, сонда ғана орнына келеді», - деді экономикалық сарапшы Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ.