Алматыда осыдан бір жарым ай бұрын орын алған жол-көлік апатына кінәлі тарап әлі анықталар емес.
Маусым айында Төле би және Байзақов көшелерінің қиылысында орын алған оқиғадан жапа шеккен Артем белгісіз жағдайда арықтан мас күйінде табылыпты. Бозбаланың анасы кінәлі жүргізуші жауапкершіліктен жалтару үшін осындай әрекетке барды дегенді алға тартуда. Бүгінде жігіттің туыстары тергеу жұмысын өздері жүргізіп жатқан көрінеді.
Бұл жол-көлік апаты орын алған уақыттағы таспаға түскен кадрлар. Артем автобустан түсіп, бағдаршамның жасыл түсінен жолды кесіп өтіп бара жатыр. Бірақ жол жиегіне жете бере, оны көлік қағады. Жүргізушінің түр-түсін оқиға орнында болған куәгер сипаттап берген. Артем оқиға орнында дене жарақатын алса да, өзі аяққа тұрып кете берген. Өйткені, қаққан көлік жүргізушісі жауапкершіліктен жалтару үшін зардап шеккен азаматқа көмек қолын созбай, темір тұлпарын тізгіндеп, оқиға орнынан қашып кеткен. Әйтсе де, екі көше жүргеннен соң Артем бәзбіреулердің қақпанына тағы түседі. Бозбаланы әлдекім көлікке салып, ішімдік ішкізіп, дене жарақаттарын қалдырған соң, арыққа тастап кетіпті-міс. Мұндай қорлықты көрсеткен, әлгі көлігімен қағып, қарамай кеткен жүргізуші болуы бек мүмкін дейді Артемның ағайындары.
«Сол кездегі оқиға еміс-еміс есімде. Соққыдан қорқып қалсам керек, келген жағыма жүре бердім. Кейін кетіп бара жатқаным есімде қалып қойыпты. Бірақ оқиғаның мән-жайын білмеймін», – дейді Артём ДОЛГАЛЁВ.
Шарасыз болған Артемнің туыстары өз беттерімен тергеу жұмысын бастап кетеді. Сол күнгі оқиғаның картинасын құрастыру қолдарынан келіпті. Ол үшін Жұмалиев көшесінен Мұқанов көшесіне дейінгі аралықтағы Төле би көшесін, ондағы барлық нысанды аралап шығады. Жиналған мәліметтер тергеушіге берілгенімен әзірге еш нәтиже жоқ дейді. Қазірше қолдан келері – тиісті сараптаманың қорытындысын күту.
«Ауруханадан шығарған соң, тергеуді өзіміз жүргізе бастадық. Өйткені бұл істі қарап жатқан инспектордан қайыр болмады. Сол күні Артемнің жүрген бағытын зерттеп, көше бойындағы нысандардың бейнекамераларындағы таспаны сұрастыра бастадық. Көбі түсініп, бізге қол ұшын созды», – деді Марина ДОЛГАЛЁВА.
Оқиға салдарынан денсаулығына зақым келген Артем жұмысынан шығып кетіпті. Алда бірнеше ай ем-дом алу керек екен.
«Ауа райы бұзыла қалса, басымның сол жақ бөлігі ауыра бастайды. Соққы осы жағымнан болған соң шығар. Жұмыс орнымда да жағдайым қиын. Басында денсаулығыма байланысты еңбекке жарамсыз болған соң бармай жүрдім. Қазіргі күйіммен енді бара да алмаймын. Бетімнің бәрі тыртық, оның үстіне тістерім түсіп жатыр», – дейді Артём ДОЛГАЛЁВ.
Ал қалалық Ішкі істер департаменті қылмыстық іспен мамандардың айналысып жатқанын жеткізді. Тіпті арнайы топ құрылып, іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Ал Артем мен оның туыстары істі аяғына дейін жеткіземіз деп бекініп отыр.
Азамат Әуезхан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы