Семей қаласын жеке облыс ретінде қарастыру экономикалық тұрғыда тиімсіз. Бұл туралы Астанада брифинг барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді. Оның айтуынша, ел арасында тараған «Семей жеке облыс болып қайта құрылады» деген сөз - қауесет.
«Бұл әрине, жай сөз, жалпы айтқан сөз. Меніңше, интернеттегі қысқа ғана хабарламаны жиі әсірелеп айтуға тырысамыз. Атап айтқанда, бірнеше ақсақал Семей өңірін қайта жеке облыс ету туралы өтініш білдірді. Бірақ олай етудің ешқандай экономикалық тиімділігі жоқ», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге жауап берген Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 234 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, қолданысқа берілгенін хабарлады. Сондай- ақ үстіміздегі жылы кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 381 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба іске асқан. Осының арқасында 1800 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты.