Тұғыры биік тәуелсіздікпен тағдырын тікелей байланыстыратын тұлғалар мәңгілік елде ғұмыр кешуді армандайды. Бірі киелі қазақ жерінде туғанын мақтан етсе, екіншісі азаттыққа қолы жеткен елге ел болып қосылуды жылдар бойы аңсап жетті. Барлығы да, бір ғана қазақтың емес, өзге де 130-дан астам ұлттың ұлы мұратын арқалап келе жатқан Елбасыға алғысын жеткізді.
Елбасының ізімен жүруді мыңдаған жас армандайды. Болмасақ та, ұқсап баққымыз келеді дейді олар. Жалындаған от кеудедегі бұл арманға бала күндерінде мемлекет башысымен кездескен сол кездегі әсерлі сәт жетелеп келеді. Сұңғыла саясаткердің мейірімді әкедей маңдайдан сипап, бата бергенін кездейсоқтық емес екенін үнемі жадында сақтап тұрады. Соның бірі Елбасымен аттас Нұрсұлтан Талғатұлы. Алғаш 2 жасында президенттің Алматыда өткен іс-сапарында алдынан шығып, бір құшақ гүл ұсынған. Араға үш жыл салып екі Нұрсұлтанның қайта жүздесуі болады. Еміс-еміс есінде сақталған сәт енді ақыл тоқтатқанда саналы түрде қайта орындалса деп армандайды. Ол үшін әуелі елге еңбек сіңіруі қажет екенін ер жеткен Нұрсұлтан жақсы түсінеді.
«Ол кісімен дұрыстап әңгіме құра алатындай мен әлі тұлға болған жоқпын. Мүмкін уақыт өте келе бір үлкен шыңдарға шығып, жетістіктерге жеткенде, ол кісінің аудиенциясына сай болам. Ол ойда бар», – дейді Нұрсұлтан МАМЫР.
Қытайда күн кешсе де, Қазақтың дербес тәуелсіз ел болуын асыға күткен көп қандастардың бірі осы Мамыр әулеті еді. Туған жерге табаны тиген сәттен бастап, тек қолпаштау көріп келе жатқан отбасының алғыстан басқа айтары жоқ. Мемлекет басшының алдында бірнеше рет сөз сөйлеп, үкіметтің кәсіпкерлікке көңіл бөлуін тікелей сұраған еді.
«Әлем таныған Қазақстанның 50 дамыған елдің қатарына кіру үшін брендтерді дамытуға үлес қоссақ деймін. Жеңілөнеркәсіп саласына аса маңыз берсе деген тілек білдіргім келеді», – дейді кәсіпкер Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ.
Іскер әйелдің ісін құп көрген билік, қажетті қолдауды көрсетуге әзір екендіктерін білдіріпті. Осылайша, шартарапта тарыдай шашылған қазақтарды байырғы мекеніне құшақ жая шақырған Президенттің бұл бастамасы миллиондаған қандастың арманына қанат бітірген.
«Елбасымның сара саясатының арқасында халықпен бірге гүлденіп, көркейіп өстім. Әрине, алғашқы кезде мемлекеттен қолдаулар алдық. Осы компаниямызға субсидия алдық. Қой өсіріп, тоқыма тоқыған қазақтың ұрпағымыз. Бізде Аустралия секілді экспортқа шығаратын мемлекет болайық деп құрылтайда айтып едім», – дейді кәсіпкер Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ.
6 жасында қазақ елінің көшбасшысымен кездесіп, ортақ суретке түскен армян қызы да Нұрсұлтан Назарбаевты үлгі тұтады. Араға 20 жыл салып, Мемлекет басшысымен қайта қауышудың сәті түстіпті. Тарихи сәттің қайталануы кезінде, еңселі елорданы алғаш рет көріп, таңдай қаққанын жасырмады.
«Меніңше, қазақ еліндей дүниежүзінде мемлекет жоқ. Қаншама этностың тату-тәтті бір елде өмір сүруі расымен де, қуантады. 20 жылдан кейін Елбасымен кездесу кезіндегі дәл сол сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көшбасшының сөйлеген сөзінен үлкен әсер алдым. Ал Астананы Қазақстанға келген туристердің керемет шаһар деп баға беретіні бекер емес екеніне көз жеткіздім», – деді Анна АРАКЕЛЯН.
«130-дан астам ұлт пен ұлыстың басын бір арнаға тоғыстырып, толеранттылық таныту - Президенттің әу бастағы ұстанған берік саясаты, татулықты ту етіп келеді. Сындарлы сәт пен күрделі кезеңдерден сүріндірмей келе жатқанына да, оның қырандай қырағылығы сеп», дейді Ассемблея мүшесі Қазақбай Қасымов. Жыл сайынғы қазақ халқына жолдауы елді жаңылыстырмай, керісінше, халықаралық аренадан көрінуімізге септесіп жатқанын алға тартты.
«Жобаларында қаншама мәселелер қамтылған, қаншалықты тереңінен қозғалып түсінікті жазылған. Осындай аңыз жобалар, әлемнің ірі саясаткерлерімен президенттерінің қол жетпейтін асқақ арманы дер едім. Осындай президенті бар біз арманы асқақ елміз», – деді Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Қазақбай ҚАСЫМОВ.
Тағдырын тікелей тәуелсіздікпен байланыстырған қарапайым тәлімгерден бастап, бүгінгінің зиялылары, қазақ елін әлемнің қай кереметіне болсын айырбастамаймыз деп уәде етті. Олардың ендігі арманы-мәңгілік елде Елбасы салған сара жолмен ғұмыр кешу.
Әйкерім Ердәулетқызы, Әрсен Сандыбаев, Валерий Таубалдиев, Рашиддин Якупов «Алматы» телеарнасы