«Мерейлі отбасы»: жеңімпаз отбасыларға автокөлік пен ақшалай сыйлық табысталды

«Мерейлі отбасы»: жеңімпаз отбасыларға автокөлік пен ақшалай сыйлық табысталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының ақтық мәресінде үздік деп танылғандарға 300 мың теңге сыйақы мен автокөлік табысталды. Ресми марапаттау шарасы Отбасы күні мерекесі қарсаңында Астанада өтті.

Отбасы күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды. Әулет құндылығын дәріптеп, үлгілі жанұяларды ұлықтайтын конкурсқа биыл 3 мыңға жуық отбасы қатысуға ниет білдірген. Олардың тек 16-сы ғана үздік деп танылып, түрлі сыйлықтармен марапатталды.

Ұлттық байқаудың соңғы күнін қатысушылар асыға күтті. 3 мыңға жуық отбасы аудан, облыс және қалалық іріктеуге қатысып, олардың ішінде финалға 16 жанұя өтуге лайықты деп танылды. Ақтық мәреге жеткендерді арнайы комиссия емес, ғаламтор және СМС арқылы дауыс беру жолымен халық таңдады.

Биылғы жеңімпаздар – Ниязқұловтар әулеті. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова жамбылдық жанұяға байқау мүсінімен қоса, шағын автобус кілтін табыстады. Әулет мақтанышы сексеннің сеңгіріне шыққан Үмен абыз бен Баян әже ұстаздық жолын таңдаған. 12 бала, 33 немере мен 20 шөбереге бас-көз болып отырған қариялар бақыттымыз дейді. Ал бақыттың «кілтін» отбасы ауызбіршілігінде іздеген жөн деп ағынан жарылды жарылды әулет басшысы Үмен Ниязқұлов.  

«Үлгілі отбасыларға, жас ұрпаққа кеңесім: жанұя құрсаңдар ынтымақты болыңдар. Отан отбасыдан құралады дейді. Семьяда ынтымақ болса, бірлік болса, оның мүшелері де ұзақ өмір сүреді. Ұлдары да, ұрпақтары да ұзақ әрі бақытты өмір сүреді», – дейді «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы Үмен НИЯЗКҰЛОВ.

Бесінші рет өткен байқау өңірлерден түрлі сала өкілдерінің басын қосты. Финалистер қатарында: ұстаздар, спортшылар, ғалымдар, мұнай саласының мамандары мен әншілер әулеті болды. Олардың бәрі де 300 мың теңге көлемінде сыйлық пен тұрмыстық техника сертификаттарын иемденді. Әр отбасы өз өмірлік жолы арқылы адам ғұмырындағы басты байлықтың бірі – отбасы екенін жеткізуге тырысуда.

Үлгілі отбасылар қатарында Кәрібаевтар да бар. Жас отбасы 9 бала тәрбиелеп отыр. Олардың 7-уін Балалар үйінен алып, бауырға басқан.

«Бұлардың бәрі біздің балаларымыз. Тату-тәттіміз. Міне, Астанаға соны дәлелдеуге келдік. Осы байқауға қатысшылардан, отбасылардан жас ұрпақ үлгі алсын. Отбасының діңгегі неде дегендерге: балаға деген махаббатыңда, дұрыс тәрбие мен білім беруіңде дер едім. Осының бәрі бір ғылым сықылды», – дейді «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының финалисі Біржан КӘРІБАЕВ.

«Мерейлі отбасы» байқауы тарихында 12 мың жанұя қатысқан. 7 мыңы ауылдық жерден. Жыл сайын өз отбасын үлгі етуге ниеттілер саны артып келеді.  

«Бұл халықтық мерекеге айналып келе жатыр десек болады. Жылдан жылға қатысатын отбасылар саны артып келе жатыр. Мысалы, 2014 жылы бірінеше рет өтті. Сол кезбен салыстырғанда, 2,5 есе көбейген. Ол отбасылардың әрқайсысы да осы елге үлгі көрсетіп жүрген, елдің алдында мақтанарлықтай азаматтар. Жалпы, олардың таңдау өлшемдерінің өзі де оңай емес. Қойылатын өлшемдер тұрғысынан алғанда, ата-ананың берер үлгісі, балаларының жеткен жетістігі, сол отбасының өмірлік философиясы, халық арасындағы репутациясы деген мәселелерге көңіл бөлінеді», – деді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат СҮЛЕЙМЕНОВА.

«Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының нәтижесі жыл сайын еліміздегі Отбасы мерекесі қарсаңында жарияланады. Күнтізбедегі бұл қызыл күнді Елбасының өзі енгізген болатын.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров