Сенат үш жылдық бюджетке енгізілген түзетулерді мақұлдады

Сенат үш жылдық бюджетке енгізілген түзетулерді мақұлдады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде несие портфелінің сапасы төмен бірнеше банк қиын жағдайға тап болды. Осыған орай, олар клиент алдындағы жауапкершілігін уақытылы өтей алмай келді. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы мәлімдеді. Ал «Жезқазған - Қызылорда» тас жолын жөндеу жұмыстары жақын уақытта қолға алынбайды. Оған 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетте қаржының қарастырылмауы басты себеп.

Сенатқа жиі бас сұқпайтын министрлер бүгінгі отырысқа бірі қалмай келді. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы заң жобасын талқылау барысында инфляция деңгейінің бір қалыпта екенін жеткізді. Демек, өткен жылғы көрсеткіш 7,1 пайызды құраса, ағымдағы жылдың наурыз айында 5,8 пайызға төмендеген. Бас банкир отандық бірнеше банкте туындаған түйіткілдерге тоқталды. Олардың несие беруге қауқары төмен болғандықтан, бүгіндері ел азаматтарына көрсетілетін қызметтері шектелген.

«ЭксимБанк», «Астана Банкі» мен «Qazaq Bankiнің» несие портфелінің сапасы төмендігі салдарынан қажетті деңгейде өтімділігі болмай, қиындыққа тап болып отыр. Осыған орай, клиенттер алдында уақытылы жауапкершілікті өтеу 3 банкте уақытша тоқтатылды. Қазіргі кезде осы мекемелердің жұмыстарына бақылау жүргізу мықтап қолға алынды», - деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр АҚЫШЕВ.

Биыл Казкоммерцбанк пен Халық банк толық бірігіп бітеді. Әрі, аспан асты елінің «China CITIC» банкі «Алтын банктің» 60 пайыз акциясына ие болады. Данияр Ақышев депозит нарығында долларсыздандыру жүйесінің жалғасып жатқанын атап өтті. Айта кетсек, депозиттер көлемі 16,8 трлн теңгеге жетсе, оның  9,4 трлн-ы теңге, 7,4 трлн-ы шетел валютасында. Ал Сенатта көтерілген тағы бір мәселе  «Жезқазған - Қызылорда» тас жолы жақын арада жөнделмейтіндігі. Министрі, Жеңіс Қасымбек оған қаржы тапшылығы себеп дейді.

«Бүгінгі күні біз Қазақтан бойынша 4000 шақырым республикалық маңызы бар жолдарды құрылыс жұмыстарын өткізіп жатырмыз. Оған үлкен қаражат бөлінген. Ол Астана және Орталықпен Оңтүстікті, Алматыны қосу сондай-ақ  Астанадан Атырау мен Ақтауға баратын жолдар. Ал енді келесі жобалардың тізіміне Қызылорда-Жезқазған кіреді. Оған бюджет 2020 жылдан кейін бөлінеді», - деді  ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

Ауыл шаруашылығы саласында да өзгеріс болмақ. Заң жобасы аясында шаруаларға берілетін субсидия көлемі қысқарады. Өйткені, іске қосылған 54 субсидияның 12 тиімсіз болған. Өмірзақ Шөкеев осы тұста берілетін несиелердің пайыздық көрсеткішін төмендетуге де белсенді ат салысатындарын жеткізді.

«Жоспарлы түрде бәріне кредит бере беру дегеннің өзіндік қаупі бар. Өйткені, қазір айталық, былтыр сол жеке шаруашылықтарға, кооперативтерге кіру үшін кредит бергенде, олар өздерінің үйін кепілдікке қойып жатыр.Қазір қорда 13 мың үй кепілдікте тұр.Ол ертең кредит қайтарылмай қалса, ал оны сатуға тура келеді. Ал ол қандай әлеуметтік жағдайға алып келетінін өте болжауы қиын», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.

Жалпы алғанда Сенат бүгін 3 жылдық бюджетке енгізілген түзетулерді мақұлдады. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өз тарапынан құжаттың басты мақсаты - Мемлекет басшысының жолдауларын, Бес әлеуметтік бастамасын толық орындалуын қамтамасыз ету екенін айта кетті. Бұдан бөлек, кедендік бекеттерден түсетін төлемдер көлемін ұлғайту, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту да да қарастырылған.


Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров