Елімізде жыл соңына дейін «Қазақтелеком», «Air Astana» және «Қазатомөнеркәсіп» компаниялары IPO-ға шығарылады. Сату бойынша алғашқы құжаттар қыркүйек айында дайын болады.
Ал жарты жылда «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын трансформациялау ісі жалғасып, жекешелендіру аясында 18 актив 42 миллиард теңгеге сатылған.
Бүгін ұлттық қордың төрағасы Ахметжан Есімов Елбасы алдында 7 ай бойы атқарған жұмысы мен жеткен жетістіктерін жіпке тізді. Қазір ұлттық қор құрылыс мәселесіне аса мән беріп, кеткен кемшіліктерді түзеуге кіріскен.
«Атамекенмен» бірге кіші және орта бизнесті жандандыруға қадамдар жасап жатырмыз. Мысалы, бұрын 4500 позицияны тек қор ішінде ғана сатып алу жүйесі болса, енді ол 400-ге дейін, яғни 10 есеге төмендеді. Соның арқасында, 700 млрд теңге жаңа бизнеске шығып отыр. Одан бізге түсіп отырған пайда 70 млрд теңге, яғни біз біріншіден, үнем жасап отырмыз. Екіншіден, оған бизнестің өзі де қатыса алады. Бұл да жүзеге асқан ауқымды жұмыс болып отыр», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан ЕСІМОВ.