Мысырға білімін шыңдауға аттанып, ізінше із-түссіз кеткен алматылық студенттер табылды

26.07.2017 15:27

Мысырға білімін шыңдауға аттанып, ізінше із-түссіз кеткен 2 алматылық студент табылды. Оларды шет мемлекеттің құқық қорғаушылары анықтапты. Мұны еліміздің сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Алты күннен бері мүлдем хабарсыз болған білімгерлердің ата-анасы әлі де алаңдаулы. Олар балаларымыз табылар болса, Қазақстанға қайтарып, өзге елге аяқ бастырмаймыз деп отыр. Әріптесім Жадыра Омаржан бүгін хабарсыз кеткен студенттің ата-анасымен жүздесіп, мән-жайды анықтап қайтты.

11-ші шілде күні Абылай хан атындағы Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің студенті Қанат Берік бір топта оқитын Еламан Жазылханмен бірге Мысырға тіл меңгеруге оқуға аттанған. 23 жастағы жігіт жақындарына алдымен Шарджыға, кейін Александрияға, одан соң Каирға аман-есен жеткені туралы уақытылы хабарлап отырыпты. Сөйтіп, 20-шы шілдеге дейін үнемі ата-анасымен байланысқа шығып тұрған. Бірақ 21-ші шілдеден бастап Қанат пен оның досынан мүлдем хабар жоқ. Қанат биыл магистратураның 1-ші курсын тәмамдапты. Мамандығы - араб-түрік тілдерінің аудармашысы. 2 айлық оқуын 1-ші қыркүйек күні аяқтап, елге аман-есен қайтатынына әкесі сенгенін айтып отыр. Өйткені, бұл тегін курсты студенттердің ұстазы тауып беріпті. «Сеніп кеттім. Өйткені, ол бірінші рет емес, екінші рет барып тұрғаннан кейін және ұстаздарын Рашид ұстазды танимын. Өте білікті жоғарғы деңгейдегі білімдегі адам ғой. Ол кісімен біраз әңгімелесіп, кездесіп жүргеннен кейін мен ондай ешқандай күдіктеніп неткен жоқпыз. Осы 2 ай бос. Осы 2 айды пайдаланып, мүмкіндікті пайдаланып барып келейін деп сұранды. Мен жоқ айта алмадым»,- деді Қанат Беріктің әкесі, Ардақ ИСАБЕКОВ.  

Бұл Қанаттың анасына 20-ші шілде күні жолдаған сәлемдемесі. "Болар баланың бетін қақпа, белін бу"- деген ата-анасы ойланбастан Мысырға аттандырғанын айтып отыр. Ал екі жігіттің басты мақсаты - араб тілін тереңірек меңгеріп, білімдерін шыңдау болған. Олар Мысырда оқитын қазақстандық 4 баламен бір пәтерде тұрған. Осы уақытқа дейін, екі ел арасындағы уақыт айырмасының төрт сағат екендігіне қарамастан балалар күнде байланыста болған. Анасының бар білетіні 6 адамды әскерилер тиеп алып кетіпті. Содан бері баладан еш хабар жоқ. Ол іздеудің кешігіп жатқанына алаңдаулы.

«Көрші үйде тұратын бір бала хабарласып айтыпты. Кешке ол балаларға барып едім жоқ деп. Алтауын да алып кетіпті деп. Елшіліктегі адамдар екі жігітті танып, біліп-отырғандықтарын айтып отыр. Құжаттары бәрі дұрыс болыпты»,- деді Қанат Беріктің анасы, Төлеш ИСАБЕКОВА.

Қанат пен Еламанды Египетте жол сілтеуші ретінде Абдул Футух есімді профессор күтіп алды дейді анасы. Ол өйткені бірге түскен суреттерін жолдапты.  Қанат Беріктің ата-анасы ұлының оқуда озат болғанын айтады. Магистратураны аяқтап, аудармашы болуды мақсұт тұтыпты. Алғыр баласының амандығын біле алмай зар болған ана Мысыр мемлекеті жағынан іздестіру шараларының баяу жүргізіліп жатқанын қынжыла айтып отыр.

«Жұма, сенбі демалыс жексенбі күні олардың ұлттық мерекелері бопты Египетте. Сондықтан, үш күн бойы оларды ешкім іздемеген. Сол алып кеткеннен кейін біреулер келіп, военный адамдар алып кетті дегеннен кейін 3 күн бойы елшілікте де. Елшіліктің іздегеніне жауап бермегені демалыс күндері деп хабарсыз отырдық»,- деді Қанат Беріктің анасы, Төлеш ИСАБЕКОВА.

Нақты іздеу жұмыстары тек дүйсенбіден басталды. Сенімді дереккөзге сенсек,  қазақстандық студенттер дін аман екен. Олар Каир елінің аумағында. Өмір мен денсаулықтарына төнген қатер жоқ. Жуық арада Қазақстан елшісі Мысыр сыртқы істер министрінің орынбасарымен осы мәселе бойынша кездесу өткізбек.

«Аталған қазақстандық студенттерді Қаир қаласында құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстап алған және олар осы елдің аумағында. Олардың өмір мен денсаулығына төнген қатер жоқ. Қазіргі кезде Қазақстанның Мысырдағы Елшілігі мысыр тарапынан біздің азаматтарымызды ұсталуы, қазіргі орны мен жағдайлары туралы ресми жауап талап етуде. Қосымша ақпарат мысыр тарапымен келіссөздер нәтижесі бойынша хабарланатын болады»,- деді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, Әнуар ЖАЙНАҚОВ.

Бұл мәселе Сыртқы істер министрлігі басшылығының ерекше бақылауына алынбақ. Ал Исабековтар отбасы ұлдары табылса, Мысырда бір минутта қалдырмаймыз деп отыр. 2 айлық оқуды аяқтамастан, бірден елге қайтады дейді.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы